$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Қазақстанға крематорий керек пе, жоқ па?

AstanaTV
17.07.2014ж. 20:00
2815
Қазақстанға крематорий керек пе, жоқ па?

Алматыда крематорий құрылысын салу мәселесі тартысқа түсіп тұр. Адамның мүрдесін жағып жіберетін кешеннің құрылысы жобаланып та қойған. Бірақ  бұл бастамаға қатысты пікірлер әр алуан. Мұның Қазақстан үшін абырой әкелмейтінін айтып жатқандар аз емес. Мегаполисте бақилық болғандарды жерлеуге жер тапшы дегенді алға тартқан билік, құрылыс шығынын да есептеп үлгерді. Заман талабына сай жарақтандырылатын  жобаның құны - 5 млн АҚШ доллары болмақ. Негізінен мұсылмандар өмір сүретін елімізге мұндай орын қажет пе? Ришат Асқарбекұлының бейнематериалы. 

Крематорий салу мәселесі Алматыдағы салттық қызмет көрсететін комбинатқа жүктелген. Қала әкімдігіне қарайтын мекеменің басшылары шаһар билігінің тапсырмасына орай жобаны жан-жақты әзірлегенін айтады. Тіпті  мәйіттерді өртейтін қондырғыны Германиядан алдыруды жоспарлап қойған. Неміс компаниялары адам мен жануарлардың мүрдесін жағуға арналған пештерді жеке-жеке салуға да әзір.

Марат Исмаилов,  «Салттық қызмет көрсететін комбинат» ЖШС директорының орынбасары:

Біз бұл үрдіске жаппай көшу керек дегеннен аулақпыз. Мәселен биоқалдықтарды жою үшін крематорий қажет. Себебі ондай қалдықтарды көмуге ауқымды жер керек. Сол сияқты ай сайын 30-дан астам үйсіз-күйсіз адамдарды жерлейміз. Жан-жануарлардың өлексесі тағы бар.

Қағаз бетіндегі жобаны әкімдік әлі бекітпеген. Жан-жақты сараптауды қажет ететін бастаманың құны да аспандап тұр. Мәйітті өртеуге арналған қондырғылар 3 млн АҚШ долларына бағаланған. Ал кешеннің айналасын абаттандыру, әкімшілік ғимараттар мен көлік тұрақтарының құрылысына 2 млн доллар қажет.

Айта кетейік, Қазақстанда адам мәйітін Ресейге апарып кремация жасайтын жекеменшік мекемелер бар. 

Сергей Лепешкин, салттық қызмет көрсету агенттігінің директоры:

Жылына шамамен 50 шақты адам хабарласады. Бірақ барлығы бірдей бұл қадамға бара бермейді. Биыл жыл басынан бері 2 адамды Ресейге апарып, арнайы салттық қызмет көрсеттік. Құны шамамен 500 мың теңге.

Қазақстанда мұндай бастаманы көтеру қаншалықты орынды? Бұл сауалды қарапайым тұрғындарға қойған едік. Ел арасында ұсынысты қолдайтындар некен-саяқ.

Мұсылмандыққа жат.

Онсыз да жер жеткілікті.

Салттық қызмет көрсететін мекеме басшылығы қала үшін крематорий салу мәселесінің пісіп жетілгенін алдыға тартады. Жыл сайын шаһарда 6 мыңдай адам дүниеден өтеді. Жер тапшылығына орай бейіттерге аумақ бөлу мәселесі ушығып тұр. Сондықтан өркениетті елдердегідей адам мәйітін отқа жағып, күлін ғана сақтау ұсынысы күн тәртібіне шыққан. Ал дін өкілдерінің уәжі басқа.

Оралхан Рахматбекұлы,  Алматы орталық мешітінің наиб-имамы:

Бұл, әрине, мұсылмандыққа жат. Оны күнә деп те қарауға болады.

Кезінде Мәскеу Дінмұхамед Қонаевқа Алматыда крематорий салуға нұсқау берген. Алайда мемлекет басшысы «өлікті өртеу қажет» деген орталықтың шешіміне қарсы тұрады. Дінімізге жат дәстүрді қолдамаған. Мәселен аумағы өте тар Түркия мемлекетінде бір ғана крематорий жұмыс істейді. Оның өзі шетелдік туристерге арналған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Әлемде адам мәйітін өртеу дәстүрі Жапония мен Үндістанға жат емес. Ал миллиардтаған халқы бар Қытай өлген адам денесін отқа жағуға мәжбүр. Ресейде алғашқы крематорий 1918 жылы салынып, бүгінде оның саны 15-ке жеткен. Ал Алматыдағы тұңғыш крематорий дәл мына жерден бой көтеруі мүмкін. Ол үшін әкімдік ТЭЦ-2 мен Боралдай зиратының арасынан 2 гектер жер қарастырып қойыпты. 

Қысқасы бізде крематорий салу шетін мәселе күйінде қалып тұр. Бастама көтерілгенімен, жергілікті билік жобаның нақты қашан жүзеге асатынын ашып айтпады. «Мұндай күрмеуі қиын шаруаны қоғамның талқысына салу қажет. Ертеңгі күні оның қызметіне жүгінетіндер табыла ма, жоқ па? Осы сұрақтың ара-жігін анықтамай жатып, қыруар қаржыны ысырап қылуға болмайды», - дейді кейбір сарапшылар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ