$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ресей дипломаттары Газа секторынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялады деген ақпар шындыққа жанаспайды

AstanaTV
18.07.2014ж. 20:00
1370
Ресей дипломаттары Газа секторынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялады деген ақпар шындыққа жанаспайды

Ресей дипломаттары Газа секторынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялады деген ақпар шындыққа жанаспайды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі  біздің арнаның тілшілеріне осыны мәлімдеді. Яғни бірде-бір отандасымыз қос мемлекеттің елшіліктеріне де көмек сұрап хабарласпаған. 

Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:

Біз ресми ақпаратқа сүйене отырып, біздің азаматтарымыздың Израильдегі Қазақстан елшілігіне немесе  Ресей Федерациясы елшілігіне де хабарласпағанын мәлімдей аламыз.

Айта кетейік, «Риа новости» Ресейдің консулдық қызметі «қақтығыс орнынан»  Ресей, Украина, Қазақстан және Беларусь азаматтарын алып шыққаны туралы хабар таратқан еді. Және "дипломаттар бейсенбі күні қол жеткізілген уақытша бітімді пайдалана отырып осы қадамға барды" дегенді де қосқан.

Агенттіктің мәліметіне сәйкес, «Рафах» шекара бекеті арқылы 120 адам тиелген екі автобус өткен. Ондағы азаматтардың басым көпшілігін балалар құрайды делінген ақпаратта. Ал «Хамас» ұйымы мен Израиль билігі арасындағы «гуманитарлық бітім» бас-аяғы 5 сағатқа ғана созылды. Қазіргі кезде атыс қайта жанданған.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ