Алматы
облысының Талғар ауданында селден соң қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп
жатыр. Тас аралас көшкіннен бірнеше демалыс аймағы зардап шеккен. Облыстық
төтенше жағдайлар департаменті келген
шығынды есептеп үлгермеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, адам шығыны жоқ. Талғар
өзенінің сағасында орналасқан демалыс
аймақтарына апаратын тас жолдың біраз бөлігі
көшкіннің астында қалған. Шатқал арасындағы бүлдіршіндер арнайы техникамен қалаға жеткізілді. Селден
кейінгі көріністі Ришат Асқарбекұлы көзімен көріп қайтқан еді.
Іле
Алатауындағы Талғар өзенімен аққан су әдетте бұлай бұлқынбайтын. Күн ысығанда, лайланып кететін тау суының ағысы кеше
түс кезінде ерекше артып кетті. Жылғаны жарып аққан көшкіннің арыны қатты болғаны сонша, тас пен лай араласқан өзен
суы арнасынан асқан. Балық шаруашылығымен айналысып, туристерге қызмет
көрсететін мына демалыс аймағы ерекше зардап шекті.
Зульфия
Насырова, демалыс аймағының әкімшісі:
Тоғыз
айдан бері өсіріп отырған 4 тоннадан
астам балығымыз суға кетті. Польшадан әкеліп, туристер үшін өсіріп отырған
форельдің құны 4-5 млн теңгеге
бағаланады. Мұны қалпына келтіруге жергілікті билік көмектеседі деп
ойлаймыз.
Тасқын өз бетімен көкке шығып, қыдырып жүргендерге
де қатты қауіп төндірген. «Маралсай» аймағына тынығуға шыққан бірнеше
отбасы ажалдан аман қалғандарына
шүкіршілік етеді. Судың гүрілі естілгенде, тау-тасты сағалап үлгерген, оларды
бүгін құтқарушылар Талғарға жеткізді.
Тас
пен қап-қара су бізге қарай лап қойды. Бес минут кешіккенімізде өлетін едік.
Есіміз шығып кетті, әрең тауға қашып, сонымен түнімен сол жерде түнеп
шықтық.
Қазір
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көлік жолын тазалаумен
айналысып жатыр. Лай астында қалған көліктерді алып шығуға, өзеннің арнасын
аршуға да құтқарушылар жұмылдырылған. Соңғы мәлімет бойынша, су тасқынынан
орманшылардың үш үйі, «Спутник» және «Радуга» лагерьлерінің бірнеше
дүңгіршектері суға кеткен.
Тынышбай
Досымбеков, Алматы облысы әкімінің
орынбасары:
Енді
жағдайды көріп отырсыздар. Егер біреудің дүние-мүлкі, малы, өзге де бұйымдары
бүлінсе, компенсация болады. Ол үшін комиссия құрылып, жұмыс жүріп жатыр.
Сәбит
Битаев, Алматы облысы ТЖД басшысы:
Бөгетке
ешқандай зақым келген жоқ. Қазір 20 куб метр су секудына еркін ағып өтіп жатыр.
Қауіп әзірге сейілді.
Алдын
ала болжам бойынша, Алатаудың басындағы шағын көлдердің бірі ағытылып кеткен.
Мамандардың сөзіне қарағанда, мұздақтардың ерітіндісінен жиналған судың 300 мың
текше метрі бір мезетте төмен қарай лап қойған. Қазір «Қазақселденқорғау» мекемесінің
мамандары қауіпті көлдің аймағын зерттеп жатыр.
Артымызда
жатқан алып тастар кешегі су тасқынының жойқын болғанын көрсетіп тұр.
Жолындағыны жайпап өткен селдің екпінін мына плотина ғана ұстап қалған. "Әйтпесе
2006 жылы салынған су құрылғысы болмаса 60 мыңдық тұрғыны бар Талғар қаласында
адам айтқысыз шығын болуы мүмкін еді",- дейді төтеншеліктер.
Дәл
қазір де судың арыны қатты. Бұлқынған өзендегі судың жылдамдығы секундына 20
текше метрге тең. Әдетте ол екі есе төмен болатын. Оқиға орнына келген Алматы
облысының басшылығы жағдайдың бақылауда
екенін ескертті. Бір уақытта 8 млн текше метрге дейін суды ұстап тұруға
қауқарлы бөгет елді мекендерге төнетін қауіпті сейілтеді. "Сондықтан алдағы
күндері үрейленуге негіз жоқ", - дейді жергілікті атқамінерлер.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ