$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Малайзиялық Boeing-тің өздігінен жазатын қондырғысына ұқсас зат табылды

AstanaTV
21.07.2014ж. 20:00
1428
Малайзиялық Boeing-тің өздігінен жазатын қондырғысына ұқсас зат табылды

Малайзиялық Boeing-тің өздігінен жазатын қондырғысына ұқсас зат табылды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабар таратуда. Ақпаратты Донецк халықтық республикасы премьер-министрінің өкілі Сергей Кавтарадзе растап отыр. "Қара жәшік" деп болжанған зат енді тек Халықаралық азаматтық авиация ұйымының сарапшыларына ғана берілетін болады", - деген ақпар бар. Сондай-ақ бүгін ұшақ апатынан қаза болғандардың жеке тұлғасын анықтау жұмыстары басталды. 

Малайзиялық ұшақтың апатқа ұшырағанына бүгін бесінші күн. Алайда оқиғаға қатысты ақпарат көп болғанымен, арасынан шынайы әрі нақты деректі айыру қиын. Донецкіге қаза тапқандардың жеке тұлғасын анықтауға Голландия мен Малайзиядан сарапшылар келді. Мәлімет бойынша, 251 адамның сүйегі Торез елді мекеніне жеткізілген. Мәйіттерді іздестіру жалғасып жатыр.

Шакунтара Девишарма:

Апатқа кім кінәлі екендігін мен білмеймін. Бар білерім ұшақ құлап, адамдардың денелері бернеше шақырым аумаққа шашылып кеткен. Бұл тек біздің қайғымыз емес. Бар әлем назарын аударуы тиіс бұл апатқа.

Нагеш Годреа:

Бар жауапкершілік, әрине, Ресей үкіметі мен Донецк жасақтарында. Алайда одан малайзиялықтарға келіп-кетері жоқ.

Қаза тапқандардың жеке тұлғасын анықтаумен қатар ұшақтың "қара жәшігін" іздестіру де тынымсыз жүріп жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, апат болған борттағы өздігінен жазатын қондырғының бір бөлігі Донецкіден табылған көрінеді.

Айта кетейік, кеше Украина қауіпсіздік қызметінің сайтында осы қондырғыны жасақшылардың малайзиялық ұшақ құлаған жерден іздеп жатқаны туралы аудиожазба жарияланды. Онда Донецк халықтық республикасы төтенше жағдайлар қызметі өкілдері мен "Восток" батальоны командирі арасында болған әңгіме жазылған.

Сенің адамдарың апат орнында жұмыс істеп жатыр ма? -Иә, Саша, жұмыс істеп жатыр. -Өзің сондасың ба? -Иә, мен осындамын. -Қара жәшіктер кімде, Леша? -Бізде жоқ. -Енді кімде? -Мен қазір біліп көрейін. -Тез арада біліп бер. Мәскеу сұрастырып жатыр. Оперативті түрде білу қажет. Маған жауабын бер.

Ал Америка ұшақ апатына әлі де Ресейді кінәлауда. Олар украиналық сепаратистердің лидерлері ресейліктер деген мәлімет таратқан. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри зымыран қондырғыларын сепаратистерге Ресей тарабы жөнелткенін айтты.

Джон Керри, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

Кейбір ресейліктер сепаратистердің лидерлері болып табылады. Олар лаңкестерді соғыс тәсілдеріне үйреткен. Әскери шабуылдарды доғарудың орнына керісінше қолдау көрсеткен. Зымыран кешендерін сепаратистердің қолына Ресей жөнелткені белгілі ғой.

Өз кезегінде Ресей президенті Украинамен бейбіт келіссөздер жүргізуге талпынып жатқанын жеткізді. "Бұдан бұрын украиналықтар бізбен бір келісімге келіп, маусымның 28 күні басталған әскери іс-қимылдарға жол бермегенде, "Боинг" апатының болмауы әбден мүмкін еді", - деді Путин.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Біз Украинаның шығысындағы қақтығыстардың бетін бейбіт келіссөздерге бұруға тырысқанбыз. Алайда украиналықтар құлақ аспады. Енді бұл мәселеге дипломатиялық тұрғыдан қарау керек. Ресей өз тарапынан қолдан келгеннің бәрін жасайды.

Қаза тапқан жолаушыларды іздестіру тынымсыз жүргізіліп жатыр. Бұл операцияға төтенше жағдайлар қызметі, кеншілер мен еріктілерден жасақталған 800-дей адам жұмылдырылған.

Жұрағат БАМАН