$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Тараздың түбіндегі «Лето» саяжайының тұрғындары электр қуатының қымбаттығына наразы

AstanaTV
21.07.2014ж. 20:00
1462
Тараздың түбіндегі «Лето» саяжайының тұрғындары электр қуатының қымбаттығына наразы

Елде жоқ ерекше тариф. Тараздың түбіндегі «Лето» саяжайының тұрғындары электр қуатының әрбір киловатына 24 теңгеден төлеуге мәжбүр. Ал қыстың күні бұл баға 28 теңгеге жететін көрінеді. Тұрғындар «осы мәселені реттейтін адам жоқ. Қала билігі саяжай деп салғырт қарайды» деп ашынып отыр. Қуаттың қымбаттығы шымбайына әбден батқан 100-ге тарта саяжай тұрғыны бүгін шу шығарды. Данияр Әлімқұл жалғастырады. 

Төрт жүздей тұрғыны бар саяжайдағы жағдай көңіл көншітпейді. "Летоның" ресми түрде қаланың аумағына енгеніне 4 жылдың жүзі болды. Содан бері электр қуатының шарықтаған бағасы елдің еңсесін түсірумен келеді.

Айгүл Оңалбаева, саяжай тұрғыны:

Бір киловат светіне қазір төлеп отырмын 24 теңге 17 тиыннан. Қайдан шыққан ақша? - Қыста қаншадан? - 29 теңге 45 тиыннан төлеп отырмын. Негізгі тариф қалада 13 теңгеден. Егер 80 киловаттан асырмасаңыз. Себебін сұрасақ трансформатордан біреулер свет ұрлайды. Соны бүкіл халыққа шашамыз дейді. 

Мұнда саяжаймен аттас бау-бақша өсіруді кәсіп еткен «Лето» өндірістік кооперативі бар. Тұрғындар жарықтың елден ерекше қымбат болуының себебін серіктестік төрағасынан көреді. 15 жыл бұрын кооперативке басшы болып сайланған азамат электр қуатының тарифін де өзі орнатқан сыңайлы.

Алексей Монаков, «Лето» өндірістік кооперативінің төрағасы:

Қаланың аумағына кіргенімізбен, өзгерген түк те жоқ. Басында саяжай болып қалай құрылдық, солай қалдық. Сондықтан әлі заңды тұлғаға жатамыз. Трансформатор да өзіміздікі, қызмет көрсететін де біз. Жыл сайын жаз айларындағы жағдай осы. Ал қыста жылыту маусымы болғандықтан, тоқ ұрлайтындар көбейеді. Сол үшін тариф қымбат.

Кооператив қожайыны үй-үйге қуаттың Тараздан тікелей тасымалданбайтынын айтады. Сондықтан өзіндегі 3 трансформатор арқылы бұқараға берілетін жарықтың құнын қолдан бекітіп отыр. Тұрғындар шағымына орай саяжайға келген қалалық мәслихат депутаты болса, мәселенің қаншалықты заңды екендігі тексеріледі дейді.

Марат Мырзахметов, Тараз қалалық мәслихатының депутаты:

Электростолб, провод бәрі кооперативтікі. Соның бәрінің техникалық жағдайына копперативтің төрағасы жауап береді. Сол үшін ол ақша қосып отыр. Онысы заңды емес шығар. Біздің де оған күмәніміз бар. Ал енді сол сұрақтың бәрі әкімнің алдына қойылған. Қазір қалаға өткеннен бері ақша бөлініп жатыр. Смета жасалады.

Халықтың қалауы - қалай болғанда, тариф бағасын төмендету. Тараздағыдай 14 теңгелік тұрақты тарифпен электр қуатын есептесе деп арман етеді. Ал тиісті тұлғалар тұрғындардың талабы бойынша алдағы бір аптада бір шешімге келеміз деп уәде берді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ