$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Елімізде жекешелендірудің екінші толқыны іске аса бастады

AstanaTV
21.07.2014ж. 20:00
1245
Елімізде жекешелендірудің екінші толқыны іске аса бастады

Елімізде жекешелендірудің екінші толқыны іске аса бастады. Осы күнге дейін мемлекет меншігінде болған алты кәсіпорын бүгінде сатылып үлгерген. Gosreestr.kz сайтында келтірілген деректерге сенсек, коммуналды меншікте болған Жамбыл облысындағы «Қордай шамшырағы» аудандық газеті аукцион арқылы 3 миллион 762 мың теңгеге сатылды. Сондай-ақ Лисаковск қаласындағы аудандық «Рауан» радиосы тендер арқылы 4 миллион 600 мың теңгеге жеке меншікке өткен. Ал әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациялардың еншілес кәсіпорындары болған төрт серіктестікті үлескерлер сатып алды. Олардың бағасы әртүрлі.

Айталық, «Жақсылық-2011» серіктестігі алты миллион теңгеге жеке меншікке өтсе, «Үржар сервистік сатып алу қосыны» бар-жоғы 1 миллион теңгеге сатылыпты.

Аталған сайтта сонымен қатар үстіміздегі жылдың үшінші-төртінші тоқсанында сатылымға шығарылатын кәсіпорындар тізімі жарияланған. Олардың ішінде республикалық меншіктегі мекемелер де бар. Атап айтсақ, биыл Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы, «Жалын» жорналы мен «Қазақ экнциклопедиясы» жекешелендіріледі деп күтіліп отыр.

Бұл тізімде сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің мамандандырылған күзет қызметі мен бірқатар шипажайлары және тағы басқа нысандар да бар. Кестеде бұл мекемелердің қанша үлесі жеке меншікке өтуге тиіс екені де көрсетілген. «Қазақфильмнің» 49 пайыз акциясы сатылымға шығарылса, «Қазақ энциклопедиясы» толығымен жекенің меншігіне өтеді. 

Асан Қалиахметов