$478.93 €534.96 ₽5.16
×

«Астана» баскетбол командасының жақын арадағы қарсыластары анықталды

AstanaTV
21.07.2014ж. 20:00
843
«Астана» баскетбол командасының жақын арадағы қарсыластары анықталды

«Астана» баскетбол командасының жақын арадағы қарсыластары анықталды. Мәскеу қаласында ВТБ Бірыңғай лигасының таныстырылуымен қатар, командалар өзара жеребе тартысты. 

ВТБ Бірыңғай лигасының кеңесі жабық есік тәртібінде өткеніне қарамастан, Лига басшысының ауысатыны жөніндегі хабар тез тарады. Андрей Ватутин ЦСКА баскетбол командасымен қатар лиганың вице-президенті лауазымын алып жүрмек. Лиганың бұрынғы президенті, қазірде Ресей президентінің көмекшісі Сергей Ивановты Сергей Кущенко алмастырды. Алайда бұл жаңалық ешкімді таң қалдырмады.

Сергей Иванов, ВТБ Бірыңғай лигасының құрметті президенті:

Себептер өте қарапайым, құпия жасаудың негізі жоқ. Өз қызметіме байланысты күнделікті үлкен жұмыс көлемін атқаруға тура келеді. Лига басшылығына тіпті уақыт жоқ.

Жаңа басшы Сергей Кущенко биатлонистер одағындағы жұмысын қойып, тек ВТБ Бірыңғай лигасындағы баскетбол мәселесімен айналыспақ. Айта кететіні, Кущенко Ресей, Еуропа және мұхиттың ар жағындағы баскетболдан хабардар. Сондықтан ол Лига жұмысы мен әрбір команданың аяқ алысын жақсы біледі деуге болады. Лига президенті «Астана» командасына да өз бағасын берді.

Сергей Кущенко, ВТБ Бірыңғай лигасының президенті:

Команданың ойынын бірнеше рет көрдім. Теледидардан да, залда отырып та. Үлкен команда болуға қажетті негіз бар.

Алдағы маусымда лига шеңберінде 22 команда өзара мықтыны анықтайды. Командалар қатары финдік «Байзонс», литвалық «Дзукия», «Леткабелис» және «Невежис», сондай-ақ ресейлік «Автодор», «Зенитпен» толықты. Командалардың қандай топта бақ сынасатыны белгілі. Біздің баскетболшыларымыз «Б» тобында ойнайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ