Азамат Тәжаяқовтың қорғаушылары америкалық алқа билердің шешімімен келіспейді және апелляциялық шағым түсіруге ниетті. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов бүгін осындай мәлімдеме жасады. "Ал Азаматты жазасын өтеуге Қазақстанға алдырту мәселесі апелляциялық шағым қаралған соң ғана, көтерілуі мүмкін", - деді Нұржан Айтмаханов.
Еске салайық, Азамат Тәжаяқов Бостонда орын алған лаңкестік әрекетті тергеуге кедергі келтірді және айғақтарды жойды деп айыпталған. 12 адамнан құралған алқа билер оны кінәлі деп таныды. Қорғаушылар болса, алқа билерінің аздап шатасқанын алға тартады. Олар Азаматтың Царнаевқа тиесілі дорбаны жасыруға қатысқанын растап отыр. Ал отшашулар мен ноутбук туралы мүлде сөз болмаған көрінеді. Қалай болғанда да, енді Азамат 25 жылға сотталып кете ме деген қауіп қоюлана түскендей. Сот үкімі 16 қазан күні белгілі болады.
Нұржан Айтмаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:
Азамат Тәжаяқовты тергеу ісіне кедергі келтіргені үшін кінәлі деп тапқан қазылар сотының шешіміне оның адвокаты шағым беруді жоспарлап отыр. Азамат Тәжаяқовтың қорғаушысы шағымды үстіміздегі жылдың 27 тамызына дейін беруі қажет. Шағым бойынша жауап болса, 22 қыркүйекке дейін
берілуге тиіс.
Асан Қалиахмет