$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Донецк халықтық республикасы Украина жерінде құлаған Боингтің қара жәшіктерін Малайзия билігіне тапсырды

AstanaTV
22.07.2014ж. 20:00
1466
Донецк халықтық республикасы Украина жерінде құлаған Боингтің қара жәшіктерін Малайзия билігіне тапсырды

Апатқа ұшыраған Боинг бортының беткі қабатында сырттан зақымданудың ешқандай белгісі болмаған. Малайзияның ұлттық қауіпсіздік кеңесі осылай деп хабарлады. Бүгін Донецк халықтық республикасының премьер-министрі Украина жерінде құлаған Боингтің қара жәшіктерін Малайзия билігіне тапсырды. Алдын ала болжамға сәйкес, «қара жәшіктерде» кішігірім зақым болған. Алайда сырттан қандай да бір нәрсенің араласуы байқалмайды. Қазір төтенше жағдай орын алған аумақтағы өрт толығымен ауыздықталды. Енді халықаралық сарапшылар тергеу-тексеру жұмыстарына кірісе алады.

Еске салайық, кеше БҰҰ қауіпсіздік кеңесі тиісті қарар қабылдады. Құжаттың жобасын Австралия әзірлеп, ол бір ауыздан қолдау тапқан. Қарарда «апат орын алған жерде халықаралық сарапшылар тыңғылықты әрі тәуелсіз тергеу жүргізе алады және мамандарға оқиға орнына еш кедергісіз кіруге мүмкіндік жасалсын» делінген. Осы орайда Австралия премьер-министрі ұшақ құлаған жердегі айғақтар қолдан жасалуда деген пікірін де бүгіп қалмады. Бұл жөнінде «Интерфакс» агенттігі жазады. Тони Эбботтың сөзінше, «айғақтарды қолдан жасау үрдісі күн санап артып барады».

Сондай-ақ, Австралияның үкімет басшысы қаза тапқан азаматтардың мәйітін елдеріне қайтару шарасы басталғанын жеткізді. Бүгін Нидерландыға Украинада мерт болғандардың мүрдесін таситын австралиялық әскери әуе көлігі ұшып келмек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ