$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Еліміздегі 8 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралар тізіміне енгізілді

AstanaTV
22.07.2014ж. 20:00
3349
Еліміздегі 8 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралар тізіміне енгізілді

Еліміздегі 8 тарихи нысан ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралар тізіміне енгізілді. Бұл туралы ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың бірінші аймақаралық кеңесі барысында мәлім болды. Астанада өткен алқалы жиынға Ұлттық комиссияның 125 елден келген өкілдері қатысуда. Тұңғыш рет қазақ жерінде өткізіліп отырған шараның мәдени бағдарламасы аясында көрмелер мен саяхаттар ұйымдастырылған. Қонақтар «Астана аясындағы мыңжылдық» Көшпенділер өркениетінің фестивалін тамашалайды деген жоспар да бар.

Кеңес көңілді нотамен басталды. ЮНЕСКО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі мен Ұлы Жібек жолы мұрасын сақтаудағы еңбегі үшін Ұлттық комиссияның экс-төрағасы Иманғали Тасмағанбетов ұйымның «Жібек жолы» төсбелгісімен марапатталды.

ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралар тiзiмiнде елiмiздiң үш тарихи ескерткiшi бар еді. Табанды жұмыстардың нәтижесінде тізім 8 тарихи нысанмен толықты. Олар - Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген және Талғар. Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе және Өрнек. Ұлттық құндылықтарды әлемге таныту мұнымен тоқтамақ емес. Танымалдылық арқылы туризмге жол ашу басты мақсат.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет министрі:

Көне Тараз қалашығы ашылып жатыр. 3 жылдың ішінде керемет дүниелер табылып жатыр. Әрине, біз бұларды дамытып қана қоймай, Таразды да ЮНЕСКО-ның тізіміне кіргізуге жұмыстар жасауымыз керек. Сонымен қатар қазіргі кезде көне Отырар қалашығының да алатын орны ерекше. Керемет Қазақстанның әдемі тарихи дүниелерін біз елдерге паш етуіміз керек.

Ұйымға қарасты Ұлттық комиссия орталықтары мен ЮНЕСКО кеңсесінің арасын жақындату, екіжақты әрекеттердің сапасын жақсарту жолында жаңа механизмдер құру. Жиында осы мәселелер сөз болды. "Басқосуға ЮНЕСКО-ның бес аймақтық тобынан, Араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен өкілдер келгенін ескерсек, жиын Қазақстанда білім мен мәдениеттің дамуына сеп болары сөзсіз",- дейді ұйым басшыларының бірі Эрик Фальт.

Эрик Фальт, ЮНЕСКО бас директорының сыртқы байланыстар мен қоғамдық ақпарат жөніндегі орынбасары:

Басқосу үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіремін. Бұл шара ЮНЕСКО-ның мүшелерін бір-біріне жақындатып, әріптестікті нығайту үшін үлкен мүмкіндік. Қазақстан 20 жыл ішінде көптеген бастамаларды көтеріп, игі істердің жүзеге асуына сеп болды. Осы кеңес барысында да сіздердің тараптан көптеген ұсыныстар айтылатынына сенімдімін.

Кеңесте «Қатонқарағай» және «Ақжайық» табиғи парктерiнің ЮНЕСКО-ның Бүкiләлемдiк биосфералық резерваттар жүйесiне енгiзiлгені белгілі болды. Айта өтейік, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық кеңесіне қатысушыларға Президент Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдады. "Мұндай маңызды шараны өткізу серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болатындығына сенімдімін», - делінген құттықтау хатты Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков жиналғандарға оқып берді.