$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Қазақстан Нидерланды жұртының қайғысына ортақтасады

AstanaTV
23.07.2014ж. 20:00
1383
Қазақстан Нидерланды жұртының қайғысына ортақтасады

Украинадағы ұшақ апатында қаза тапқан азаматтары үшін аза тұтқан Нидерланды жұртының қайғысына Қазақстан да ортақтасады. Мұндай қолдау еліміздегі Нидерланды елшілігінде айрықша сезіліп отыр. «Астана» арнасына берген сұхбатында елші Хенри Дриссер мұны баса айтты.

Кез келген қазақстандық елшілікке келіп, естелік кітабына жылы лебізін қалдыра алады. Оның есігі алдағы үш күн бойы қарапайым тұрғындар үшін ашық. Голландиялықтардың қасіретіне Қазақстанда ресми тіркелген өзге дипломатиялық миссия өкілдері де бей-жай қарамайды. Бүгін елшілікте Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі мен Президенттің көмекшісі де болып қайтты. 

Хенри Дриссер, Нидерланды корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Естелік кітабы кеше ашылды. Қарапайым азаматтардан гүл шоқтарын алып жатырмыз. Ықыластарына алғысым шексіз. Жазбалар жайлы еліміздің сыртқы істер министрлігін ақпараттандырып отырмыз. Қаза тапқандардың туыстары да бұл қолдауды сезіне алады.

Бүгін Голландияда қаралы күн жарияланды. Барлық мемлекеттік және муниципалды ғимараттарда, шетелдегі елшіліктер мен сауда өкілдіктерінде ту төмен түсірілді. Дәл осы сағаттарда Эйндховенге апатта қаза тапқандардың мәйіті тиелген екі ұшақ қонуы тиіс. Мұнда король отбасы мен премьер-министр Марк Рюттенің қатысуымен аза тұту шарасы өтеді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ