$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Энергетика министрлігі қайта құрыла ма?

AstanaTV
23.07.2014ж. 20:00
1299
Энергетика министрлігі қайта құрыла ма?

Энергетика саласын бір орталықтан басқару жүйесін жаңғырту. Елімізде энергетика министрлігін қайта құру мәселесі қызу талқылануда. Тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ энергонарық құру - үш ел арасындағы энергетика саласындағы интеграцияның басты талабы. Қазақстан-Ресей-Беларусь алыс-берісінен мемлекетіміз не ұтып, неден есе жіберуі мүмкін? Энергетика министрлігін қайта құру ақталатын қадам ба? Азамат Алдоңғаров зерттеп көрді.

Өткен аптада Алматыда Еуразия экономикалық комиссиясының жиынында көптен бері шағын шеңберде талқыланып жүрген мәселе тағы сөз болды. Әңгіме энергетика саласын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен бөліп алып, өз алдына жеке ведомство ету жайлы. Бұл интеграция шеңберінде 2019 жылға қарай ортақ энергонарық құрумен байланысты. Яғни Қазақстан, Ресей мен Беларусь қуат көзін бір ортадан алады деген сөз. Одақтас екі елде аталмыш сала жеке министрлікпен қадағаланады. Ал бізде департамент деңгейінде. Тәжірибелі энергетик Александр Трофимов министрлік құрылса, еліміздегі қаптаған энергокомпаниялардың жұмысы жүйеге түсер еді деген пікірде.

Александр Трофимов, «Қазауылэнергожоба» институты» ЖШС бас директоры:

Посткеңестік елдер арасында энергоқуат әлеуеті бойынша үшінші орындамыз. Сондықтан министрлік ауадай қажет. Әртүрлі 10 салада жұмыс істеп отырған мемлекеттік органдар өзара бірігіп, ел үшін маңызды саланы басқара алмайды. Бұл ғылыми дәлелдеуді қажет етпейтін мәселе.

Қазақстанда энергетиканы жеке министрлік құзырына беру тәжірибесі бар. Оның соңы немен тынғанын көпшілік біледі. "Ал осы жолғы қайта құрудың жөні бөлек",- дейді мамандар. Үш ел арасында Қазақстанның қуат көзін экспорттаушы мемлекет атануына зор мүмкіндігі бар көрінеді. Ал 50 жылдан астам осы салада еңбектеніп келе жатқан сақа энергетик Шаймерден Оразалинов "көрпеге қарай көсілу керек" дейді.

Шаймерден Оразалинов, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы:

Қазақстанның қуат эскпорттауға әлеуеті бар. Бірақ ол үшін қолда бар нысандарды жаңарту мен қайта жандандырудан бөлек, жаңа нысандардың құрылысын бастау керек. Еліміздің батыс өңірі бірыңғай энергия жүйесіне қосылмаған. Сондықтан Ресейден қуат көзін импорттап отыр.

Әйтсе де, энергетика саласының қыр-сырына қанық маманның жеке министрлік құру жөніндегі ой-пікірі әріптесімен бір жерден шықты. Мәселенің саяси тұстарын тізіп айтқан келесі сарапшы күні кеше таратылған энергетика министрлігін қайта құру тиімсіз деп есептейді.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:

Энергетика саласының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құрамында болуы минералды өндіріс, инвестиция тарту мен инновацияның қатар дамуына оң септігін тигізеді. Және салаға жетекшілік ететін вице-министр, департамент басшылары, комитет төрағаларының кәсібилігін атап өткен жөн.

Қайта жаңғыртылатын министрлік құрылған күнде, қай ведомствоның негізінде жасақталатыны әзірге белгісіз. Өзгеріске ұшырауы мүмкін деп болжанған қос министрлік - Индустрия және жаңа технологиялар мен Мұнай және газ министрліктері тарапынан ешқандай ресми мәлімдеме жасалмады. Алайда отандық энергетиктер болашақ ортақ энергонарықтың жұмыс тәсілін талқылауда.

Александр Трофимов, «Қазауылэнергожоба» институты» ЖШС бас директоры:

Ортақ қуат көзіне кедендік салық салынбайды. Екіншіден, мысалы, қазір Екібастұз стансасы қалыпты жұмыс істеп тұр. Артық шығын жоқ. Ал егер де шартты түрде кешке қарай көбірек электр қуаты керек болса, қазандықтағы отты үдетіп, артық көмір жақпаймыз, мысал үшін, Омбы не Новосібірде қуат қоры болса, сұрап аламыз. Кейін олар бізден алады. Бұл электр қуаты құнына да әсер етеді.

Данияр Әшімбаев, саясаттанушы:

Отандық станцияларымыздың өздері өндірген қуатты Ресейге сатқаны ұтымдырақ болады. Оған жол бермеу үшін, ел ішіндегі бағаны көтеруге тура келеді. Оның соңы әлеуметтік проблемаларды ушықтырады.

Энергетика саласын мемлекеттендіруді қолдайтындар одақ шеңберінде бағалар теңескенімен, қарапайым қазақстандықтардың қалтасы қағылмауы тиіс деп отыр. Арзан электр қуатына қарқ боламыз ба, үкіметте энергетика министрлігі құрыла ма, және құрылған күнде тиімді қызмет ете ме? Мұның барлығы уақыт еншісінде.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ