$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Бүгін қасиетті Қадыр түні

AstanaTV
23.07.2014ж. 20:00
1379
Бүгін қасиетті Қадыр түні

Бүгін қасиетті Қадыр түні. Бұл түнді барша мұсылман қауымы ақшамнан таңсәріге дейін Аллаға құлшылық етіп, дұға-тілектерін айтып, намазын оқып өткізгені ләзім. Мың айдан қайырлы түнді қарсы алуға ниеттеніп отырған жамағат көп. Солардың қатарында алматылық Тілеубердиевтер отбасы да бар. Иманның шуағына бөленген шаңырақта тілшіміз Маржан Серікқызы болып қайтты. 

Тілеубердиевтер отбасы жылдағы дәстүр бойынша Қадыр түнін қарсы алуға қамданып жатыр. Қасиетті түнді үйдің кішкентайлары да ерекше ықыласпен күтеді. Себебі дәл осы түні тілеген тілектердің қабыл болатынына кәміл сенеді.

Қадір түні мың айдан артық дейді. Осы түні біз құлшылық етуіміз керек, кешірім сұрауымыз керек. Пайғамбарға салауат айту керек.

Қадыр түнінде тозақтың қақпасы жабылып, шайтандар кісенделеді, жерге періштелер түседі. Құран аяттары түскен дәл осы түнді Пайғамбарымыз: «Құлшылық етудің ең маңызды түні, осы түнде иман келтірген және сауапқа үміт еткен күйде намаз оқып өткізген мүміннің барлық күнәлары кешіріледі», - деп ерекше атап өткен.

Асан Тілеубердиев, «Орбита» мешітінің бас имамы:

Осы түні құлшылық етсек, 83 жылдың сауабын беремін дейді Алла Тағала. Бұл бізге берілген үлкен нығмет сыйлық. Адамның орта жасы 70-80 жыл болуы мүмкін, бірақ осындай бір түнді біз жіберіп алмауымыз керек. Жіберіп алсақ, көптеген жақсылықтардан құр қалады екенбіз. Сондықтан осы түнді ізгі ниетпен, ізгі амалмен қарсы алуымыз керек.

Қадыр түнін күту - ғибадат-құлшылықпен астасып жатуы тиіс. Алладан рақым тілеп, істеген күнәлары үшін кешірім сұраған пенде бұл түнді жалғыз, отбасымен бірге, яки мешітке барып жамағатпен бірге өткізсе де болады.

Нұрбек Есмағанбет, Алматы қалалық орталық мешітінің бас имамы:

Иншалла таң намазының уақыты жақындағанда, Таспих намазы оқылады. Соны имаммен бірге Қадыр түнінің құрметі үшін оқыса, оның сауабы шексіз. Сондықтан мейлінше мешітке келіп, Аллаға жалбарынып, еліміз үшін, отанымыз, отбасымыз үшін дұға етер болсақ, иншалла тілегіміз қабыл болады.

Алда ұлық мейрам Ораза айт келе жатыр. Биыл мұсылмандар мерекесі шілденің 28-не дөп келді. Айта кетейік, қасиетті түнді жамағатпен қарсы аламын деушілерге еліміздің барлық мешіттерінің есігі ашық. Олай болса, Қадыр түні тек жақсы тілектер айтылсын!

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ