Қазақстандық азаматтар әлі де Израиль әуежайынан ұша алмай отыр. «Астана»
телеарнасының тілшілері Тель-Авив әуежайында қалып қойған отандастарымыздың
кейбіреуімен телефон арқылы хабарласып көрді. Олар күту мен
белгісіздіктен қатты шаршағанын айтады. Арасында балаларын Түркия қонақ үйлерінде
қалдырып кеткендіктен, олардың халін біле алмай, уайымға батқандар да бар.
Бүгінге дейін Израильдегі қазақстандықтардың нақты саны да белгісіз болып отыр.
Біз тілдескен азаматтардың біреуі Түркияға ұша алмағандар саны 90 адам деп
мәлімдеді. Айта кетейік, СІМ-гі ол жақта 13 қазақстандықтың қалып қойғанын
айтқан. Туристер сөзіне сенсек, олар әуежайдың түрлі аумағында қалған. Қатарында
көрші Ресейдің азаматтары да бар. Ал сыртқы ведомство өкілі өз кезегінде бізге
мынаны мәлімдеді.
Нұржан Айтмаханов, СІМ баспасөз хатшысы:
Жағдайлары өте жақсы. Барлығы қонақ үйде тұрып жатыр. Олардың жартысын туроператор, ал қалған жартысын біздің елшілік орналастырды. Қазіргі таңда нақты
саны 13 адам. Бірақ бұдан да көп болуы мүмкін. Әзірге менің қолымдағы ақпарат
осындай.
Мына фотоларды бізге туристер көрсетті. Олар әуежай ғимаратында түсірілген.
Адамдар Израильға бір күндік турды сатып алғанда, компания өкілдері оларға ел
аумағында ешқандай соғыс болып жатқан жоқ деп түсіндіреді.
Эльмира, ҚР азаматы:
Сайтта қазақстандықтардың саны 15 деп жазады. Біз
60-65 адамбыз.
Жағдайымыз сұмдық. Алғашқы күні туристердің кейбіреуін дәлізге қамады.
Жерде түнеп шықты. Тамақ пен суды еден жуушылар әкеліп отырды. Кейін оларды
бізге, күту залына жіберді. Көпшілігінің балалары Түркияда, қонақ үйлерде
қалды. Себебі экскурсияға күндіз барып қайтуымыз керек еді.
Татьяна, РФ азаматы:
Бізді "Корал трэвел" компаниясы жіберді. Барлығы тыныш,
ешқандай әскери қақтығыстар жүріп жатқан жоқ деп сендірді. Біз сияқты
азаматтардың саны 500-ден асады. Кеше балалары отельде қалған 149 адамның
тізімін жібердік. Бұл тек ресейліктер. Ешқандай хабар жоқ. Тіпті
елшілігіміздегі өкіліміз бұл жағдайда көмектеспей отыр. Қиын жағдайда
отырғанымызға 3 күн болды.
Түркиядағы қонақ үйде Татьянаның жұбайы мен екі баласы қалған. Біздің
тілшілеріміз олармен байланысқа шықты. Және ресейлік келіншектің жұбайы
Татьянаның аман екенін, Израиль әуежайында кері қарай ұшай алмай отырғанын "Астана" арнасының тілшісінен естіді. Бұл жағдай ары қарай да біздің
бақылауымызда болмақ.
Асан ҚАЛИАХМЕТ