Маңғыстау облысының билігі жоғалған
цезий-137 радиоактивті затын іздеуге алты тәуліктен кейін ғана мықтап кіріскелі
отыр. Жедел әрекет ету штабы құрылды. Оны
тіпті әкім орынбасары Әнуар Шөжеғұлов басқарды. Іздеуге облыстық ішкі істер
басқармасы мен төтенше жағдайлар қызметі, ұлттық қауіпсіздік қызметі және
экологтар тартылды. Тіпті, ұлттық гвардия мен әскерилер жұмылдырылды.
Еске салсақ, радиоактивті қауіпті зат
тамыздың 27-сі жоғалды. Ол Оралдан Маңғыстау облысына бет алған КамАЗ көлігінен
түсіп қалған деген болжам бар.
Полиция пайымынша, ғылыми мақсатта
Маңғыстауға жолданған цезий Сайөтпес-Шетпе жолында түсіп қалуы мүмкін. 50 келілік темір контейнердің із-түссіз жоғалып кетуі
мүмкін емес. Полиция өңір тұрғындарынан күдікті контейнер табылған жағдайда оны
ашпауын өтініп отыр. Өйткені, Цезий-137 адамды сеспей қатыратын улы зат. Цезий
сәулесі рентген терапиясы мен өлшеу құралдарында пайдаланылады. Сонымен қатар,
бұл заттан бомба да жасауға болады екен.
Айгүл ӘДЕПБАЙ