$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні барша мұсылман қауымы Қадыр түнін өткізді

AstanaTV
24.07.2014ж. 20:00
3403
Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні барша мұсылман қауымы Қадыр түнін өткізді

Қасиетті Рамазан айы да аяқталуға таяу. Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні барша мұсылман қауымы Қадыр түнін өткізді. «Мың айдан да қадірлі» деп Құран кәрімде мадақталған бұл түні еліміздегі 2 жарым мыңға жуық мешіттерде имандылық жайлы уағыз айтылды. Жамағат Аллаға құлшылық жасап, ғибадат қылды. Жұмыс күніне қарамастан, Астанадағы мешіттерге ағылған халықта есеп болған жоқ. Бір ғана Әзірет Сұлтан мешітіне Қадір түнін өткізу үшін 10 мыңнан аса жамағат келді. 

Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:

Ақшам намазынан соң мешітке келгендерге ауызашар берілді. Алдымен бойын тазалаған мұсылман, игі амалдар жасап ойды түзеді. Тәубеге келіп, дұға оқыды, құдайға құлшылық етті. Имамдар болса, адамдарды ізгілікке шақыратын уағыздарын айтып, ата-баба аруағына құран бағыштады.

Серікбай Ораз, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:

Қадір кешінде сіздің жан-дүниеңіз Аллаға арналуы керек. Алладан құл екендігімізді мойындап, пендешілігімізге ғафу тілесек, Алладан жақсы ойларымызға, жақсы мұрат-мақсаттарымызға Алладан қолдау мен жарылқау тілейтін болсақ - иншалла Қадір кешінде барлығы қабыл болады екен. Қадір кеші мүбарак болсын.

Жәбірейіл періште жаратушыдан қанша жалбарынса да, Қадір түнінде ниеті қабыл болмайтын 4 түрлі санаттағы адамдар болады деген екен. 

Серікбай Ораз, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:

Өмірін арақ ішумен текке бекер өткізген адам, ата-анасының ризалығын емес, керісінше қарғысын алған адам, ағайын-туыстан қол үзген, мұсылман бола тұра 3 күннен артық араздасып, өкпе-назын жасыра алмай жүрген адамдардың дұғалары қанша тілек тілесе де, қабыл болмайды деп жауап берген.

Қадір түнін елемеу - мұсылманға сын. Құран кәрімнің 5-ақ аяттан тұратын «Ләйлә тул кадр» сүресінде бұл түннің қасиеті жайлы анық айтылған. Жәбірейіл періште жер бетіне түсіп, періштелер таң рауандап атқанша, мұсылмандарға қазмет етеді, дұға оқып, тілеулес болады. Және дәл осы түні адамдардың келесі жылғы тағдыры, ризық-несібесі, бақытының өлшемі жазылады делінген. Сондақтан да бұл түн - қадірлі, қасиетті, берекелі. Әзірет Сұлтан мешітіне жиналған жұрт имамдардан дін жөніндегі сауалдарына жауап алды. Құлшылық қылғандар қатарында ел ағалары мен танымал тұлғалар да болды.

Пайғамбарымыз айтты: "Қадір түнін Рамазан айының соңғы 10 түнінен іздеңдер",-  деді. Бүгін мейлінше көп хадистер келген, ғалымдардың көбі осы түн болар деп үміт етеді. Бірақ келесі түндерді де бос жіберіп алмауымыз керек.

Жер бетінде қазір 1 млрд 650 млн мұсылман бар. Солардың бәрінің мерекесі. Ақ тілектеріңіз қабыл болсын.

Қазақстандағы қадір түнінің қазіргі насихаты, біздің дініміздің насихаты жақсы, міне мешітке халық сыймай жатыр.

Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:

Қадір түні - мұсылманға берілген нығмет. Себебі бір түнде жасалған амалдар 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Бұл түнді бос өткізбей, Алладан кешірім сұрап, діни сауаташар кітаптар оқып, садақа беру - сауапты іс. Тек өзің үшін ғана емес, жақындарың үшін де дұға етуге болады. Жаратқан бұл түнде жасалған барлық құлшылықтарды қабыл еткей.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ