"Бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылсын. Мүлкі
тәркіленсін." Ақтау қалалық соты Шахмардан Есенов атындағы Каспий
мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің есепшілеріне қатысты
осындай үкім шығарды. Экс-есепшілерге аса ірі көлемде қаржы жымқырды, мүлікті
жекешелендірді және құжаттарды қолдан жасады деген айып тағылған.
Тергеу
амалдарының қорытындысы бойынша, алаяқтық әрекет 2011-2013 жылдар аралығында
жасалған. Университеттің бас есепшісі Земфира Қаратаева сыбайластарымен бірге
666 миллион теңге жымқырған. Сот процесі барысында айыпталушылар кепіл ақша
төлеп, бостандықта жүрген болатын. Бүгін шешім өзгеріп, кінәлілер қамауға
алынды.
Рустам Нәбиев, Маңғыстау облыстық сотының баспасөз хатшысы:
Бас есепші Қаратаева 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы режимдегі
колонияға қамалсын деген шешім шығарылды. Азаматша Тілеповаға
да осындай жаза тағайындалды. Ал Сүлейменова мен Жүсіпова 5
жылға бас бостандығынан айырылды.
Жұрағат БАМАН