«Сырқат жандардың сыртта жүргені алаңдатады». Бала-шағасының денсаулығын
ойлаған бір топ ана осылай деп дабыл қағуда. Қызылордадағы Тасбөгет кентінде
туберкулезге қарсы аурухана тұрғын үйлердің тап ортасында орналасқан. Аналардың
айтуынша, жұқпалы ауруға шалдыққан науқастар аурухана қорасынан кез келген
уақытта шығып, үй аулаларында демалып жүретін көрінеді.
Аурухана мен тұрғын үйлердің арасын бірнеше метр жер бөліп тұр. Емдеу
орнына апаратын жол көпқабатты үйлердің ауласымен өтеді. Осында науқастар емін еркін серуенге шығуды әдетке айналдырған. Олар керекті азықтарын да ауладағы
дүкеннен саудалайды. «Құрт ауруы» бала шағамызға жұға ма деген үрей жергілікті
жұртқа бірнеше жылдан бері маза бермей келеді.
Роза Құланбекова, Есенов көшесі №18 үйдің тұрғыны:
Бірнеше рет арыз берілген. Көшіреміз, көшіреміз деп уәде берген, бірақ әлі көшірген жоқ. Ауруларды қадағаламайды бұл жерде. Сыртқа шығып, азанғы уақытта,
кешкі уақытта осы жерлерде отырады.
Туберкулезге қарсы диспансер бұрынғы мектеп-интернаттың ғимаратына 2000
жылы көшіп келген. Қәзір мұнда 158 науқас ем қабылдауда. Аурухананы өзге жаққа
көшіру туралы әңгіме әзірге жоқ. Дәрігерлердің қолынан бар келері: науқастарды
сыртқа шығармау ғана. Бірақ бұл оңай болмай тұр.
Жетпісбай Бекішев, Қызылорда қалалық туберкулезге қарсы диспансері бас
дәрігерінің міндетін атқарушы:
Аурухана айналасындағы қоршаулар талапқа сай емес, оны жөндеуге бюджеттен
11 миллион теңге бөлінді. Алдағы уақытта үш метрлік қоршаулар орнатып, қақпа
алдына күзет бекетін орналастырамыз.
Көпқабатты үйлер де көмекке мұқтаж. Қырық жыл бұрын салынған
кәсіби-техникалық училищенің оқу ғимараттары 90 жылдары иесіз қаңырап
қалған. Босқа тұрмасын деген әкімдік тұрмысы төмен отбасыларына баспана ретінде
береді. Қазір осы үйлерде бас аяғы 40 отбасы күнелтіп жатыр. Бұрынғы оқу
сыныптарында тұратын адамдар тиісті жағдайдың мүлде қарастырылмағанын жеткізді.
Орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Әжетхана аулада.
Роза Жұмахметова, Есенов көшесі №18 үйдің тұрғыны:
Шатырымыздан су ағады, жартысы бар да, жартысы жоқ, тұрғындар әбіржіп. Мынау жарық мәселесі, біздің щитымыз бір жерде орналасқан. Әр үйдің жарығын өзінің
есігінің алдына қосып беруін сұраймыз.
Бұл үйлер жергілікті биліктің де «бас ауруына» айналған. Шенеуніктер
күрделі мәселенің көптігі сонша, оларды бірден шешіп тастау мүмкін емес деп
отыр.
Ерлан Бейсенбаев, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары:
Арнайы комиссия құрып осы оншақты күн ішінде, мамандар жиналып, осы үйдің
мәселесі бойынша, қандай жұмыстар бар, қандай проблемалар бар - сол мәселе
бойынша қарап. Алдағы уақытта бұның бәрі өзінің рет-ретімен қаралады деп
ойлаймыз.
Ал балақайлар болса, алаңсыз футбол ойнайтын кең әрі таза ауланы, заманға
сай ойын алаңын армандайды. Әзірге олардың аядай тар жерде доп теуіп, қала
берді үйлердің шатырына ойнаудан басқа амалы жоқ.
Шарипа САҚТАПОВА