2020 жылға қарай Қазақстанда 7000 шақырымдай жолдар ақылы болады. Еліміз
географиялық орналасу жағдайына байланысты сауда-саттық керуендерінің өтуін
ұтымды пайдаланбақ. Көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Мереке
Пішембаевтың айтуынша, жолдарды ақылы ету мемлекет қазынасын бүтіндеуге септігін
тигізеді.
Астана-Бурабай тас жолының табыс әлеуеті жылына 1 миллиард теңгеден асатын
болады. Ал болашақта қолданысқа берілетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі көршілес мемлекеттерден келетін керуеннен қазынаға қомақты табыс
түсіреді. Халықаралық тас жолдың Қызылорда-Шымкент бөлігі 2015 жылы қолданысқа
берілмек. Вице-министрдің сөзінше, жергілікті халық ақылы жолдың ауыртпалығын
сезінбейді. Олар үшін бір жылға бірден алынатын жеңілдетілген төлем түрін енгізу
жоспарда бар.
Мереке Пішембаев, ҚР Көлік және коммуникация министрінің орынбасары:
Ол жерде көліктердің жүру жиілігі
өте жоғары. Ташкенттен керуен келеді. Жыл бойы көкөніс, жеміс-жидек тасылады. Осыны
неге пайдаланбасқа. Біз өзіміздің транзиттік мемлекет екендігімізді ұтымды
пайдалануға тиіспіз.
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ