$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Павлодарда «Достық үйімен» дауласқан кәсіпкер Жоғарғы сотта жеңіске жетті

AstanaTV
28.07.2014ж. 20:00
1696
Павлодарда «Достық үйімен» дауласқан кәсіпкер Жоғарғы сотта жеңіске жетті

Павлодарда «Достық үйімен» дауласқан кәсіпкер Жоғарғы сотта жеңіске жетті. Бұған дейін екі рет өз құқығын қорғай алмаған Роза Әлиева әділдіктің орнағанына дән риза. Жергілікті халыққа танымал кәсіпкер енді мекеме басшыларының заң алдында жауап беруін талап етпек. Ол: "Бір жылға созылған дау-дамай фирманы қыруар шығынға ұшыратып қана қоймай, 20 жылғы іскерлік беделіме нұқсан келтірді", - деп отыр.

Роза Алиева, кәсіпкер:

23 шілдеде өткен Жоғарғы соттың отырысында бірінші сот инстанциясының шығарған шешімі күшінде қалғандығы мәлім болды. Сөйтіп, «Азор фирмасы» серіктестігі бұл процесте жеңіске жетті. Мен Жоғарғы соттың судьяларына аталған іске бей-жай қарамағаны үшін алғыс айтамын.

Дау-дамай екі жыл бұрын Керекуде өткен аймақаралық ынтымақтастық форумынан соң басталған. «Азор» фирмасы Ресей мен Қазақстан президенттері қатысатын шараға қажет жиһаздар әкелуді міндетіне алады. Мәжіліс үстелі, 60 орындық, жұмсақ жиһаз, шкаф және басқа да қажет дүниелер дер кезінде жеткізілген. Екі жақты келісімге сәйкес, құны 35 млн 850 мың теңге деп бекітіледі. Бірақ дәл форум кезінде кәсіпкер әкелген жиһаз «Достық үйі» сұраған талапқа сай келмей қалады. Осыны желеу еткен мекеме шараға басқа жиһаз қолданып, кәсіпкерді сотқа берген. Роза Әлиева бәрі келісімге сай жүргізілгенін айтып, шағымданды. Десе де, әу-баста тендер жарияланбағанын, бар шаруа облыстық мәдениет басқармасының тапсырысы негізінде жасалғанын да жайып салды.

Даулы мәселені қалалық экономикалық сот қарап, кәсіпкердің пайдасына шешкен. Бірақ "Достық үйі" қарсы шағым түсіріп, екі рет өз талабына қол жеткізді. Олар шығынды кәсіпкердің өтеуін талап еткен. Өз құқығын қорғауға бел буған кәсіпкер Әлиева Жоғары сотқа шағымданған еді. Құзырлы орын кәсіпкердің "Достық үйі" талабын орындағанын, сондықтан ешқандай шығынды төлемейтінін нақтылап берді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ