Атыраулық тұрғындар биліктің назарын аударту үшін жолды жапты. Нәтижесінде
шаһарда ұзын сонар көлік кептелісі пайда болды. Кенен Әзербаев өткелі бойында
орналасқан үйлердің 20-ға жуық тұрғыны жоғары кернеулі электр желісінің
баспаналарына өте жақын орналасқанына алаңдаулы. Оның үстіне 50 жыл бұрын
тұрғызылған темір бағандар аласарып кеткен. Үйлердің шатырына жақындап та
қалды. Қандай да бір шара қолдануын сұраған жандар құзырлы органдарың
табалдырығын тоздырдық деп отыр. Тек бүгінгі наразылық шарасы тұсында
жергілікті атқамінерден ешкім келмеді.
Дүйсенбай Орысбаев:
Орынғалидың бір баласы қайтты. Бәрі ұмытылып кетті. Өз деңгейінен 3 метр
төмен тұр. Балалар сым лақтырса, қолдарына тиіп, балалар өліп қалады. Адамның
баласының обалына қалады.
Бұл өткел тұрғындарының бас ауруына айналған 35 мың вольттық электр
желісі. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары тұрғызылған жоғарғы кернеулі желіні
алғызып тастауға осы тұрғындардың ата-аналары да жылдар бойы зыр жүгірген.
Алайда олар тұрмақ, бүгінгі ұрпақтың да қауқары жетпей отыр. Қазір мұнда 60
шақты үй бар. "Тіпті тоқ соғып, адам өліп, мүгедек болған жайттарға да бас
ауыртқан басшы табылмады",- дейді ашынған халық. Бірер жыл бұрын темір бағанның
бірі көшеге құлапты. Абырой болғанда, адамдар зардап шекпеген.
Асхат Бисенғалиев:
Мына көшеде алпыс жастан аспайды адам. Шал, кемпір жоқ. Атырау-Жарыққа
барсақ, жазбаша түрде дейді. Монополистер. Оларға керек емес, ақша керек.
Ешкім келмейді, радиация аламыз деп. Санэпидстанция қыздарын шақырдық. Ойбай, мына жер
тоқ, біздер ауырамыз деп қашты. Тұрып жатқан адамдар кролик сияқты. Африкадан
жаман.
Бүгін олар билік назарын аудару үшін көше маңындағы күре жолдардын бірін
жапты. Бірақ көлік кептелісі орнағаны болмаса, билік өкілдері бой көрсеткен
жоқ. Электр желілеріне жауапты мекеме басшылығы бағандардың талапқа сай
орнатылғанын айтып отыр.
Ғабиден Қанатов, Атырау қалалық электр жүйелері мекемесінің басшысы:
Әкімдік охранная зонаға байланысты бермеу керек еді жер учаскесін. Атырау
облысының акиматы, қалалық акиматы біздің ұсыныстарымызды қабылдап, кететін шығынды өтейтін болса, біз жақтан ешқандай не жоқ,
оны алып, қайта жасауға, сол мәселе қазір облыстық, қалалық акимат төңірегінде
қаралып жатыр.
Ережеге сай 35 мың вольтты кернеуі бар желі, тұрғын үйлерден 20 метр
қашыктықта орналасуы тиіс. Ал Кенен Әзірбаев өткеліндегі үй мен жоғары кернеулі
желінің арасы 5 метр ғана. Қалалық әкімдік қандай да бір шешім шығаруға асығар
емес. Аталған жағдайға қатысты атқамінерлерден жауап беретін жан табылмады.
Ал өмірі үшін алаңдаған тұрғындар: "Электр бағандарының кесірінен асфальт жолға да
зар болып отырмыз", - дейді. Алдағы 10 күн ішінде мәселе шешілмесе, қарсылық
ретінде күре жолдардың бірін тағы жабамыз деп бекініп отыр.
Базаргүл ІЗІМОВА