$498.34 €519.72 ₽4.85
×

СІМ Норвегия астанасында қызмет істеген Қазақстан консулы туралы ақпаратты растаған жоқ

AstanaTV
29.07.2014ж. 20:00
1862
СІМ Норвегия астанасында қызмет істеген Қазақстан консулы туралы ақпаратты растаған жоқ

Сыртқы істер министрлігі Норвегия астанасында қызмет істеген Қазақстан консулы туралы ақпаратты растаған жоқ. Бірақ жоққа да шығармады. Ведомствоның баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов әзірге ешқандай мәлімдеме болмайды деді.

Кей бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарына сүйенсек, Норвегиядағы консул қызметіне былтыр кіріскен Қуаныш Ақайдаров бірнеше өрескел әрекетімен көзге түскен. Оған қызметтік құжаттарды жымқырды және қымбат алкоголь өнімдерін ұрлады деген күдік те келтірілді. Екі жылдан астам дипломатиялық қызметте жүрген Ақайдаров ағылшын тілін де білмейтін болып шықты.

Сонымен қатар оның әріптестерімен қарым-қатынас орната алмағаны, қызметтік көлігін бөтен біреуге беріп отырғаны мәлім болды. Ақайдаров өзінің тікелей басшысы - Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Асқар Тәжиевке де бағынбаған көрінеді. Ақыры елші Сыртқы істер министрлігіне хат жолдауға мәжбүр болған деген ақпар бар. Орталықтан оны дереу Астанаға қайтару туралы бұйрық түскен. Алайда Ақайдаров мөрлер мен тиісті құжаттарын тапсырмастан белгісіз бағытқа кетіп қалады. Ослода ол шетелдіктерге виза беру мәселелеріне жауапты болған. 

Асан ҚАЛИАХМЕТ