Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шығыс Қазақстан облысында жаңа аурухана ғимаратының қабырғасы қақырап тұр

AstanaTV
06.01.2016ж. 20:00
2379
Шығыс Қазақстан облысында жаңа аурухана ғимаратының қабырғасы қақырап тұр

Шығыс Қазақстан облысында көпсалалы аудандық аурухананың ғимараты апатты жағдайды жұмыс істеп тұр. Алайда нысанды тозығы жеткен деуге келмейді. Глубокое ауданындағы 100 керует орны бар медициналық орталық 2014 жылдың тамызында іске қосылған. Оның құрылысына мемлекет 1 миллиард 900 миллион теңге жұмсады. Қазір ауруханының емделушілері мен қызметкерлері ғимараттың қауіпсіз бөлігіне көшіріліп, сөгілген қабырғаны мамандар зерттеп жатыр. Толығырақ тілші материалында. 

Қабырғадағы жарықшақ ғимараттың бірінші қабатынан үшінші қабатына дейін бар. Қабырғаның сөгіліп жатқанын бірінші болып аурухана қызметкерлері көріп, дабыл қаққан.

Татьяна Какенова, аурухана есепшісі:

Біз демалыстардан кейін келісімен, қабырғадағы жарықты бірден байқадық. Жұма күні жарық бұлай анық көрінген жоқ. Ғимарат құлайды ма деп, бірден көштік.

Дәрігерлер мен емделушілер дереу эвакуацияланды. Қауіп аумағына 24 бөлме кіріп отыр. Аурухана қызметкерлері бастапқыда жарықшаны өз күштерімен сыламақшы болған. Бірақ жарық үлкейе беріпті. Қазір саңылау бірнеше сантиметрге жетті.

Сергей Фоминых, көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

Жарықты бағып отырмыз, бірақ оның көзі үлкейіп жатыр. Қазір аурухана ұжымын толық мына бөлімге көшірдік, апатты аумақ бос тұр.

Құрылыс институтының мамандары ауруханың іргетасын аршып алды. Алдын ала болжам бойынша, құрылыс барысында қателік кеткен. Ғимарат іргетасының бағандары дұрыс қағылмаған. Үш қабатты ғимарат тіреусіз тұр,- дейді мамандар.

Есенгелді Сләмханов, «Семстройпроект» жобалық институтының директоры:

Подрядчик «Кумаров» істегенде қате жіберуі мүмкін. Сваяны қаққанда түбіне дейін қақпаған. 18 метр емес, мүмкін, 15-16 метр кетті ме.

Ғимаратты қолданысқа берген «Элхон» құрылыс компаниясының басшылығы құрылыс барысындағы олқылықтың жауапкершілігін мойнына алғысы жоқ. Олар тек алғашқы қабаты салынған ғимараттың қалған екі қабатын соққан. Ал бас мердігер - 2012 жылы тақырға отырған «атақты» «Кумаров и К» компаниясы.

Лұқбек Тұмашинов, «Элхон» ЖШС директоры:

Бізге ешкім іргетас бағандарының қалай қағылғандығы туралы есеп берген жоқ. Бір қарағанда барлығы дұрыс болған. Қазір қабырғаның сөгілген жеріне плита орнатып, жөндeу туралы шешім бар.

Ал шығындардың барлығы облыстық бюджет есебінен өндірілетін болды. Тиісті бұйрықты облыс әкімі Даниал Ахметов берді. Қазір мамандар жөндеу жұмыстарының құнын есептеп, біржола даулы «Кумаров и К» компаниясының өңірде салған барлық мектеп-ауруханаларын тексерістен өткізеді. Мамандар сондай-ақ мемлекеттік органдардың құрылыс барысын бақылағандығын растайтын құжаттарды да қайта көтермек. Болжам бойынша жөндеуге бір ай уақыт пен 200 миллион теңге қажет.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ