$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауытындағы жарылыста жарақат алған екінші жұмысшы да көз жұмды

AstanaTV
30.07.2014ж. 20:00
1268
Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауытындағы жарылыста жарақат алған екінші жұмысшы да көз жұмды

Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауытында болған жарылыс кезінде жарақат алған екінші жұмысшы да көз жұмды. Денесінің 80 пайызы күйіп қалған Мақсат Данияровты дәрігерлер облыс орталығына жеткізген болатын. Мамандар оның тыныс жолдары зақымданып, қайта оңала алмағанын айтады. 28 жастағы жұмысшыға 2 аптадан бері медициналық көмек жасалғанымен, беті бері қарамаған.

Нұрлан Әбішев, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының травматолог дәрігері:

Астанадағы күйік орталығына жеткіземіз деген әрекетіміз жүзеге аспады. Жағдайы ауыр болды. Ұшақтағы қысымды көтере алмайтын еді. Сондықтан осында қалдырдық. 3 рет Астанадан мамандар келіп, бақылады. Бірақ тыныс жолдары күйгендіктен, аман алып қалуға мүмкіндік болмады.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің 16-сы күні Қандыағаш қаласындағы мұнай резерватында өрт шыққан еді. Сол кезде 3 жұмысшы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Денесінің 85 пайызы күйіп қалған Еркінбек Халиулин бірнеше күн өткен соң қаза болған еді. Оқиға куәгерлері өрт мұнай резервуарын тазалау кезінде электросорғының ақауы салдарынан шықты дейді. Полицейлер болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Мансұр ЕСҚОЖИН