$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Солтүстік өңірлердің шаруалары астық өнімділігіне жаңбыр кесірін тигізе ме деп алаңдаулы

AstanaTV
30.07.2014ж. 20:00
1417
Солтүстік өңірлердің шаруалары астық өнімділігіне жаңбыр кесірін тигізе ме деп алаңдаулы

Толасыз жауған жаңбырдан Қазақстанның солтүстігіндегі егін бүлінудің аз-ақ алдында тұр. Теріскейлік диқандар осылай деп дабыл қағуда. Шаруалар астықтың пісіп-жетілуі 2-3 аптаға кешеуілдеп бара жатқанына алаңдайды. Өкініштісі сол, қиындық мұнымен бітпейді. Күні-түні жауған жаңбыр егіс алқаптарындағы химиялық өңдеу жұмыстарына да кері әсер етіп отыр. Абзал Құрманкин жалғастырады.

Аспанның түбі тесілгендей, еліміздің солтүстік өңірлері бір айдан бері жаңбырдан көз ашпай келеді. Мамандар шілде айында 100 милиметрден астам жауын-шашын түскенін айтуда. Бұл әдеттегі көрсеткіштен 2 есе көп. Шаруаларда уайым басым. Олар, күн жылымаса, егін кеппей қалып, бидайдың сапасы төмендеп кетеді деп отыр.

Болат Әбілмажінов, серіктестік басшысы:

Бұл кешірек егін орағына кірісеміз деген мәселе. Бүлініп кету қорқынышы бар. Жылда өзі сол августтың 20-сы кездерінде егін орағын бастап, кірісіп кететінбіз. Биыл қарап отырсақ, августтың аяғына дейін пісетін егіннің жобасы көрінбейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері берген мәліметке сүйенсек, биыл Қазақстанда дәнді дақылдар егілген жердің 2,2 млн гектары сарғайып, септориоз ауруына шалдыққан. Алқаптардың 76 пайызы химиялық өңдеуден өтуі тиіс болатын. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 2,7 млрд теңге де бөлінді. 

Сергей Тутуков, әуе компаниясы штабының басшысы:

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшу мүмкін емес. Нөсерлетіп жауған жаңбырдың кесірінен ұшу жолақтары уақытша нашарлап, ұшақтар 2 аптаға тұралап қалды.

Ауа-райын болжаушылардың мәліметі көңіл көншітерлік емес. Олар күн райы тамыздың ортасында ғана дұрысталып, артынша қайта жауын-шашынға ұласады дейді.

Елена Милентьева, "Казгидромет" РМК инженер-синоптигі:

Тамыз айында орташа ауа температурасы 16-22 градус болмақ. Тек екінші онкүндікте ғана күн ашылып, ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Ал үшінші онкүндіктің соңында күн суытып, топырақтың температурасы -2-ге дейін түсуі мүмкін.

Жалпы бұл қиындық астықты аймақтардың барлығына тән. Дәл осындай жағдай Ақмола, Қостанай облыстары дихандарының да бас ауруына айналған. Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері биыл Қазақстан 17 млн тоннаға жуық астық жинайды деп болжам жасап үлгерген. Күн ысымаса, бұл көрсеткіштің төмендеуі әбден мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН