$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Журналистер түсірілім кезіндегі қиындықтардан қажыды

AstanaTV
31.07.2014ж. 20:00
2637
Журналистер түсірілім кезіндегі қиындықтардан қажыды

Алматыда орын алған қоймадағы өртті бейнекамераға түсіруге кедергі келтіргендер анықталды. Операторды тұншықтырған күзетші кінәсін толық мойындаса, оның қолын тістеген жүкті әйел ішкі істер басқармасына келуден бас тартқан. Ал зардап шеккен Юрий Сьединге жарақатының дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Алматылық әріптесіміз журналистер жұмысының қаншалықты күрделі екенін жайып салды. Маржан Серікқызы сабақтайды.

Бұл екі күн бұрын Алматыдағы құрылыс материалдары сақталған қоймада болған өрт оқиғасы. Төтенше жағдайды түсіруге келген ақпарат құралдарының өкілдері күзетшілер тарапынан жойқын қарсылыққа тап болды. Таспадағы жазбадан байқалғандай, күзетшінің бірі таспагерді тұншықтырып, ал бейтаныс әйел оның қолын тістеп жатыр. Қызметтік міндетін атқарамын деп, жазым бола жаздаған азамат енді сотқа жүгінбек.

Юрий Сьедин, таспагер:

Журналистке флешканы берейін деп тұрғанымда, артымнан біреу тұншықтыра бастады, ал бейтаныс әйел қолымды қатты тістеп алды.

Мұндай жағдай үйреншікті құбылысқа айналып барады. Көбіне оқыс оқиға орнына келген тілшілердің, әсіресе таспагердің жұмысына кедергі келтіріп, тіпті жұдырық ала жүгіру фактілері жиілей түсуде. Ал ІІД-тінің өкілдері қандай жағдайда да адам денсаулығына қауіп төндірген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтады.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Бұл азаматтар міндетті түрде жауапкершілікке тартылатын болады. Әкімшілік жауап бола ма, қылмыстық жауапкершілік бола ма? Ол анықталу үстінде. 

Жаңалықты халыққа жеткізу үшін жанын пида етуге даяр журналистің бірі - Серікжан Маулетбай. Ол бір емес, бірнеше рет жазықсыз соққыға жығылғанын жасырмайды. Былапыт сөздерді сан рет естіген әріптесіміз тіпті одан да сорақы жағдайға тап болған кездерін еске алды.

Серікжан Маулетбай, тілші:

Өткенде біз жезөкшелер ұстау рейдіне барғанбыз. Сол кезде олар жынданып түсірме деп айқайлап, басында су шашты, одан кейін РУВД ғимаратында кір сумен шелек тұрған, соны басыма төңкеріп тастады.  

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мәлімет алу үшін қандай жәбір көрсе де, ешкімді сотқа сүйремейді. Есесіне, қызметін атқару барысында жапа шеккендер қатары артпаса, кемімей тұр. «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Қалеева да осыған күйінеді.

Тамара Қалеева, «Әділ сөз» ұйымының президенті:

Өткен жылы журналистерге 20 рет шабуыл жасалған. Биыл міне 6-шы оқиға тіркеліп отыр. Дегенмен, шабуыл өз алдына. Түсірілімге кедергі келтіру фактілері де жиі орын алып жатады ғой. Қылмыстық кодексте біздің құқымызды қорғайтын 155-бап бар. Онда журналистің жұмысына кедергі келтіруге, жәбір көрсетуге тыйым салынады деп анық жазылған. 

Көп жағдайда оқиға орын алған жерде тілшінің жұмысына күзетшілер кедергі болатыны мәлім. Қасқайып қақпаны жауып алып, басшылықтың рұқсаты жоқ деп құтылатын, кіруге талпынсаң, жұдырық ала жүгіретін де осы азаматтар. Десе де, заңгерлер журналисттің аудио-бейне түсірілім жүргізуіне ешбір заңда қатаң тыйым салынбаған дейді.

Михаил Клечин, қорғаушы:

Журналист түсірілім аумағының кімге тиесілі екендігіне қарамастан, жұмыс істеуге толық құқылы. Яғни ол біреудің жеке меншігі болса да. Дегенмен, әу баста ол жерге аудио және бейне жазбаға тыйым салынатын ескерту тақтайшалары ілінсе ғана, түсіруге рұқсат жоқ.

Ал біздің жұмысымызда жекеменшік аумаққа өту қиямет қайымның тап өзі. "Бұл менің меншігімдегі аумақ" деп кеуде соғатындар, ештемеден тайынбайды. Қалай болғанда да, жаңалықтың жаршысы журналистермен жаға жыртысу заң тұрғысынан да, адамшылық тұрғыдан да жөн емес.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ