«Қазагро» холдингі өз активтерін сатудан ешқандай кіріс ала алмайды. "Астана" телеарнасының тілшісі қойған сауалға бүгін холдингтің басқарма төрағасының
орынбасары Қайрат Айтуғанов осылай жауап берді. Корпорация сатылымға қойған 48
нысан жекешелендірудің екінші кезеңінде саудаға шығарылады. Айта кетейік,
«Қазагро» сатылымға шығарған тиімсіз активтердің көбі шағын несиелік
ұйымдар.
Қайрат Айтуғанов, «Қазагро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында шағын несиелік
ұйымдар ашқанбыз. Бүгінде жергілікті жерлердегі нарықта қаржы қорындағы біздің
үлесімізді жеке кәсіпкерлер сатып алуына мүмкіндік бар. Бұған қажетті құжаттар
әзірленіп жатыр. Осы жылдың екінші жартысында нысандар сатылады. Бүгінде 3
шағын несиелік ұйым сатылды. Ал бұл сұраныстың зор екенін аңғартады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында экспортқа
шығарылатын ұн мен бидайдың көлемі елдегі нан бағасына әсер етпейтіндігі
айтылды. «Бұл өнім түрінің құнын мемлекет белгілейді», - деді Айтуғанов.
Сондай-ақ, «Қазагроның» мүлікті түгендеу жұмысы аясында елімізде 5 миллион
гектар игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері бар екендігі белгілі болған.
«Бүгінде игерусіз қалған жер көлемінің 62 пайызы тексерілді. Қалған 38 пайызы
2014-2015 жылдары зерттелетін болады», - деді ол.
Қайрат Айтуғанов, «Қазагро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
5 миллион гектар жердің 2,5 миллионы фермерлік шаруашылықтарға тиесілі. Ал
олардың жерді игеру үшін техника мен дән сатып алуға қауқары жетпей отыр.
Сондықтан біз фермерлерге қолдау көрсету үшін, жаңа пилоттық жоба жасадық.
Көкшетау қаласының Зеренді ауданында көлік технологиялық және тракторлық станса
жұмыс істеуде. Қостанай облысы да осындай станцияларға тапсырыс беріп жатыр.
Жұрағат БАМАН