$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Жамбыл облысының темір жол бекетінде жүздеген цистерна жанармай қаңтарылып тұр

AstanaTV
01.08.2014ж. 20:00
2165
Жамбыл облысының темір жол бекетінде жүздеген цистерна жанармай қаңтарылып тұр

Жамбыл облысында жарылып кету қаупі бар төрт жүзден астам вагон қаңтарылып тұр. Тұрар Рысқұлов ауданының темір жол бекетіндегі мұнай өнімдері тиелген цистерналар сәуір айында заңсыз жолмен Қырғыз аспақ болғанда, тоқтатылған. Тіркемелер шілденің ыстығына шыдамай жарылса, Луговой станциясын түгел алып кетуге қауқарлы. Темір жол бекетінің бойындағы тұрғындар күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған. Кез келген уақытта қопарылып кетуі мүмкін цистерналар мен үйлердің арасын қырық қадам ғана жер бөліп тұр. Данияр Әлімқұл жалғастырады.

Бұл вагондар кедендік кедергіге тап болып, темір жол бойында тежеліп тұрғанына 4 айға жуықтаған. Төрт жүздей тіркемеге тиелген мұндағы мұнай өнімдерінің жалпы құны 1 млрд 600 миллион теңгені құрайды. Ресей Федерациясынан шыққан тауар Қазақстан арқылы Қырғызстанға өтпек болғанда, тоқтатылған.

Жыл басында қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес, Қырғызстанға мұнай өнімдерін тасымалдауға тиым салынған. Өйткені олар Кедендік одаққа кірмейді. Ал бекет бойындағы бұқара жандарын шүберекке түйіп отыр. Айтуларынша, мұнай тиелген цистерналар ыстықтан жарылып, бекетті түгел алып кетуі мүмкін. Онсызда жуырда темір жолда өрт болып бір үйдің қора-қопсысы түгел өртеніп кеткен.

Болат Жарылқасын, Луговой бекетінің тұрғыны:

Сол кезде ғана бұл ескерілді ғой. Содан бері үндемей тұрды ғой. Ешкім жұмыс істеген жоқ. Содан кейін ғана темір жол пожарный пойызын алып келді.

Қыдыр Сүйімханов, Луговой бекетінің тұрғыны:

Мал да кіріп кетеді ішіне, жақындауға қорқамыз. Осыны қашан көзін құртады? Бәле ғой, бір күні өрт шықса, бір адам қалмайды, беті аулақ.

Жалпы саны 428 цистерна жақын жердегі үш бекетке бөлініп қойылған. Оны 2 күзетші қатаң бақылап отыр. Олай етпеске де болмайды. Вагондардың екі жүзден астамында тез тұтанғыш бензин болса, өзгесіне дизельді керосин тиелген.

Қайрат Мадалиев, әскериленген ТЖ күзеті бойынша «Луговой» атқыштар командасының бастығы:

Вагоннан күннің ыстығында тасып, ағады. Темір жол бойындағы мекемелердің барлығы осы төтенше жағдайға дайын.

Жандар Сейтімбетов, Т. Рысқұлов ауданы ТЖБ басшысы:

16 шілдеде 2014 жылы өрт болған жағдайда, әр қызметтің іс-әрекеті жөнінде тактикалық оқу-жаттығу жүргізілді. Сол жұмыстар әлі де жалғасуда.

Бұл вагондар сәуір айында «Құлан» кеден бекетінде құрықталды. Қыруар тауардың иесі қазақстандық 10 мұнай компаниясы Ресейден алған өнімдерін кедендік құжаттарға көз жұмып, бармақ бастылықпен шекара асырмақ болған. Ал ол компаниялардың аты-жөні әзірге жарияланбай отыр.

Құдайберген Рысдаулет, Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Декларация дұрыс толтырылмаған. Егер ол Ресейден Қырғыз Республикасына асатын тауар болса, транзиттік декларация толтырылуы керек болатын. Бұлар транзиттік емес, бұлар жөнелтуші Ресей Федерациясы, ал жеткізілім орны Қазақстан деп көрсетілген. Қазіргі уақытта іс Қаржы полициясына өткізілді.

Ал Қаржы полициясының қарауына өткен қара алтын шикізатының мөлшері кеден қызметінің өкілдері айтқан ақпаратқа сай емес. Цистерна саны неге екені белгісіз күрт азайды. Вагондар бастапқыда көрсетілгендей 428 емес, бақандай 163-ке кеміп кеткен. Ведомство өкілдері мұның себебін түсіндіре алмады.

Нұрлан Әбдуәлиев, Жамбыл облысы бойынша ЭҚСЖҚКД ведомствоаралық тергеу тобының жетекшісі:

Мен бұл сұрақтарға жауап бере алмаймын. Мұнай өнімдері бар 267 вагон контрабандалық жолмен ұсталды. Қазіргі таңда экономикалық контрабанда бойынша 209 бап, 2 бөлімімен 10 қылмыстық іс қозғалды.

Осылайша, құзырлы органдар төрт айдан бері тұрған заңсыз тауардың мәселесін қарауға енді кіріскен. Мәселенің соңғы нүктесі қаржы полициясының жіті тексеруінен соң белгілі болады деген үміт бар. Ал бекет бойындағы бұқара жарылыс бола ма деген үреймен күн кешуде. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ