Қытайлық "Синопек" компаниясының үстінен сотқа шағым түсірген Руслан Қожахмет
жеңіске жетті! Алматыдағы Алмалы аудандық нөмірі екінші сотының шешімімен ол
қайта жұмысқа алынатын болды. Соңғы 1,5 жыл ішінде жұмыс берушімен 3
рет соттасқан Руслан Қожахмет әділ шешім шығарылғанына дән риза.
Сот шешіміне
сәйкес, «Синопек» компаниясы Русланды жұмысқа қайта алуы тиіс. Сондай-ақ
жұмыссыз отырған 3 ай мерзім үшін еңбек жалақысын төлеуге міндеттелді.
Шағымданушының талап еткен моральдік шығын көлемін сот негізсіз деп танып,
сұранысын қанағаттандырмады. Енді ол қалалық соттың апелляциялық алқасына қайта
шағым түсірмек.
Руслан Қожахмет, шағымданушы:
Менің ар-намысымды қорғау мақсатында талап еткен моральдік шығынға қатысты
сұранысымды сот қанағаттандырмады. Жалпы, шешім көңілімнен шықты. Дегенмен,
жұмыс берушілерім абыройымды біраз төкті, сондықтан мен әлі де олардан
моральдік шығын талап етемін.
Естеріңізге салсақ, Руслан Қожахмет Қытайдың Алматыдағы "Синопек" компаниясы
басшысының орынбасары қызметін екі жылдай атқарған. Биыл мамырдың 22 күні ол
жұмысынан шығып қалады. Бұл кезде Руслан Қожахмет балаларының сырқаттануына
байланысты еңбек демалысын алғанын айтады. Басшылықтың шешімімен келіспеген
азамат, 29 мамырда сотқа шағым түсірген. Жұмыс берушілердің өзін қызметке
қайта алуын, оған қоса 1 млн теңге көлемінде моральдік шығын төлеуін талап
еткен болатын.
Маржан СЕРІКҚЫЗЫ