$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Almaz tourizm компаниясы Түркиядағы туристер жайлы түсінік берді

AstanaTV
01.08.2014ж. 20:00
1645
Almaz tourizm компаниясы Түркиядағы туристер жайлы түсінік берді

«Түркиялық Trek travel компаниясына қарызымыз жоқ. Қаржылық түсініспеушіліктен демалушылар зардап шекті». Алматыда өткен брифингте Almaz tourizm басшысы Айнұр Бәкібаева осылай деп мәлімдеді. "Қазір 47 турист өз қаржысына басқа қонақ үйлерге орналасты. Елге оралған соң, олардың шығыны өтеледі",- деді ол.

Кешегі жаңалықтарымызда Антальяда демалып жатқан 50 шақты туристің қонақ үйден қуылғанын айтқан едік. Бүгінде Almaz tourizm арқылы жолға шығуы тиіс туристердің сапары кейінге қалдырылып жатыр. Билеттердің күнін ауыстыру бойынша келіссөздер жүруде. Ал 30 шілде мен 1 тамыз аралығында Алматыдан Түркияға демалуға баратын 10 адам ұша алмай қалды. Демалыс маусымының соңына дейін қазақстандық туристер 200 жолдама сатып алған. Almaz tourizm басшылығының сөзіне сенсек, енді олар Түркияның басқа агенттіктері арқылы жіберіледі. 

Айнұр Бәкібаева, «ALMAZ TOURIZM» директоры:

Түркиялық Трек трэвел компаниясы өз арамыздағы мәселеге не үшін туристерді араластырғанын түсінбей отырмын. Бұл жерде туристердің кінәсі жоқ. Біз прокуратураға, қаржы полициясына шағым түсірдік. Қазір құжаттарды салыстырып жатырмыз. Олардың маған айтып отырған сандарын әзірге жарияламаймын. Себебі біздің ешқандай қарызымыз жоқ.

Ал бүгін Алматыда Almaz tourizm компаниясы кеңсесінің алдына жиналғандар Түркияға уақытында барып, демалып келетініне сенбейді. Сондықтан ақшаларын қайтаруды талап етуде. «ALMAZ TOURIZM» басшылығы ертең мәселені шешу үшін Түркияға аттанбақ. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм комитетінің төрағасы Марат Иғалиев Астанада өткен баспасөз мәслихатында "Almaz Tourism" туроператорына Түркияға туристер жіберуге уақытша тыйым салынды деп хабарлады.  

Т.АМАНАЛИЕВА