$526.81 €542.72 ₽5.16
×

«Алматы-Атырау» жолаушылар пойызының апатқа ұшырауына темір жолдың жарамсыздығы себеп болған

AstanaTV
04.08.2014ж. 20:00
1271
«Алматы-Атырау» жолаушылар пойызының апатқа ұшырауына темір жолдың жарамсыздығы себеп болған

«Алматы-Атырау» жолаушылар пойызының апатқа ұшырауына темір жолдың жарамсыздығы себеп болған. Яғни апат орын алған учаскеге сәуір айында жүргізілген жөндеу жұмыстары сапасыз жасалған. Енді осы оқиғаға орай екі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмақ. Бұл туралы еліміздің Бас көлік прокуратурасының өкілдері мәлімдеді.

Данияр Ізбасаров, ҚР Бас көлік прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары:

Айыпкер ретінде қылмыстық іс бойынша Атырау жол дистанциясы учаскесінің бастығы және іріленген Атырау жол дистанциясы бастығының орынбасарына айып тағылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабы, 1-бөлігімен іс сотқа берілді.

Апаттан соң Ақтөбе-Атырау учаскелерін бақылаушы ревизорлар вагон механизмдерін жіті тексеріп шықты. Тиісті қалыптан ауытқу дерегі анықталмаған. Сот-фоноскопиялық сараптама қорытындысы да машинистің пойызды жедел тоқтату әрекетінің дұрыстығын дәлелдеген.

Естеріңізге салайық, оқиға үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде Атырау темір жол бөлімшесінің Сағыз-Мақат учаскесінде болды. Төтенше жағдай департаментінің мәліметіне сай, жүрдек пойыздың 13 вагоны рельстен шығып, 7-еуі аударылып қалған болатын. Нәтижесінде 12 адам аурухана төсегіне таңылды. Қазір қылмыстық істі тергеу аяқталып, іс сотқа жолданған.

Базаргүл ІЗІМОВА



: }