$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Қытайдағы жер сілкінісінен құрбан болғандар саны 380 адамнан асты

AstanaTV
04.08.2014ж. 20:00
1309
Қытайдағы жер сілкінісінен құрбан болғандар саны 380 адамнан асты

Қытайда болған күшті жер сілкінісінен құрбан болғандар саны 380 адамнан асты. Соңғы мәліметтер бойынша, күші 6,5 баллдық зілзаладан келген шығын көлемі орасан. 12 мыңдай құрылыс нысаны қирап, тағы 30 мың ғимаратқа зақым келді. Куәгерлердің айтуынша, қирандылардың астында әлі де адамдар қалып қойған. Оларды дер кезінде аршып алу мүмкін болмай тұр.

Құтқарушылардың жұмысына үздіксіз дүмпулер кедергі келтіруде. Қазір 10 мыңға жуық әскерилер, полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Ал зілзала салдарынан таулы өзенде көл пайда болды. Оның ернеуінен асуы 800-дей тұрғынға қауіп төндіруде. Бірнеше көпір опырылып түскен. Жолдар әлі ашылған жоқ. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин зардап шеккендерге көмек көрсетіп, апат зардаптарын жоюды тездетуді тапсырды. Айта кетейік, зілзала ошағы 12 шақырым тереңдікте орналасқан. 1974 жылы осы аумақтағы жер сілкінісінен кейін 1400 адам опат болған еді.

"Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Юньнань аймағындағы апатта жүздеген адамның қаза табуына байланысты Қытай төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады", - деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі. Елбасы барша қазақстандықтардың атынан және өз атынан марқұм болған жандардың қара жамылған туыстарына қайғырып көңіл айтады. "Қытай халқына осынау қасіретке төтеп беретіндей күш жігер тілеймін, қолға алынған шаралар табиғи апаттың зардаптарын жоюға мүмкіндік береді деген сенімдемін", - делінген көңіл айту жеделхатында.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА