$526.81 €542.72 ₽5.16
×

"Алмаз туризм" компаниясы сапары сәтсіз аяқталған туристерден арыз қабылдауды бастады

AstanaTV
04.08.2014ж. 20:00
1533
"Алмаз туризм" компаниясы сапары сәтсіз аяқталған туристерден арыз қабылдауды бастады

"Алмаз туризм" компаниясы сапары сәтсіз аяқталған туристерден арыз қабылдауды бастады. Туроператор басшылары, материалдық шығынның өтелуі үшін, жолаушылардың қолында шығын көлемі көрсетілген қағаз болуы керек деп отыр. Мұнан бөлек демалушыларға тиісті өтемақы төлеу мәселесі де қаралып жатыр.

Есесіне компания жаңа жолдамалар беру науқанын тоқтатты. "Алмаз туризм" бұған дейін сатылып үлгерген жолдамалар бойынша жұмыс істеуде. 2 тамыз күні Алматыдан Антальяға 16 жолаушы аттанды.

Айнұр Бәкібаева, «ALMAZ TOURIZM» директоры:

Уақытылы ұша алмаған туристерге біз шыққан шығынын қайтаруды немесе ұшу күндерін кейінге шегеруді ұсынып жатырмыз. Қосымша демалыс жолдамаларын алып қойған туристердің шет елге сәтті барып келуі үшін, бар күш жігерімізді салатын боламыз.

Отандық туризм индустриясы комитетінің басшысы Марат Иғалиев Дүниежүзілік туристік қауымдастықтың бас хатшысы Талеб Рифаидің атына хат жіберген. Онда мұндай келеңсіздіктің әлемдегі туристік нарыққа кері әсер ететін айтылады. Осы мазмұндағы хат түріктің "Trek Travel International" компаниясы басшыларына да жөнелтілген.

Естеріңізге салайық, өткен аптаның аяғында "Алмаз туризмнен" жолдама алған 50-ге жуық қазақстандық туристер Антальядағы қонақ үйден қуылған еді. "Trek Travel" компаниясы олардың қайта төлем жасауларын талап еткен. Далада қалған туристер тамыздың 2-сі күні "Алмаз туризмнің" қаражатына әупіріммен елге оралды.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ