$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Павлодардағы жылу-электр орталығында болған апаттан бір адам зардап шекті

AstanaTV
05.08.2014ж. 20:00
1272
Павлодардағы жылу-электр орталығында болған апаттан бір адам зардап шекті

Павлодардағы жылу-электр орталығында болған апаттан бір адам зардап шекті. Оның жағдайына қатысты дәрігерлер бүгін ғана ақпарат берді.

Айта кетейік, кеше түс ауа № 3 жылу-электр орталығында оқыс оқиға болды. «Павлодарэнерго» АҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, жылу тарататын қазандықта негізгі бу құбырының бір секциясы үзіліп кеткен. Салдарынан шаһардың тең жартысы 3 сағаттай жарықтан қағылды. Кәсіпорынның баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, қондырғының іске қосылғанына 40 жылдан асқан. Әбден тозығы жеткен агрегат 2015 жылы жаңартылуы тиіс болатын. Лап ете түскен ыстық будан жұмыс орнында болған электр дәнекерлеуші зардап шекті. 1989 жылы туған азамат дереу ауруханаға жеткізілді. 

Асқат Мұрсалимов, Павлодар қалалық №1 аурухананың күйік бөлімшесінің дәрігері:

ТЭЦ-тің жұмыскері денесінің 10 пайызын күйік шалып, бізге келді. Беті, қолы мен аяқтарын да бу шарпыған. Әлі 3 тәуліктей дәрігерлердің қарауында болады. Қазір жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Және өміріне еш қауіп жоқ.

Оқыс оқиға салдарынан көшелердегі қозғалыс қиындап кетті. Бағдаршамдар істен шығып, салдарынан түрлі келеңсіздіктер де орын алған. Қуат көзіне тәуелді трамвайлар бірінен соң бірі тоқтап, шаһардың қақ ортасында кептеліс пайда болды.

Асқар Шөмшеков, «Павлодарэнерго» АҚ баспасөз хатшысы:

Жедел шаралардың нәтижесінде бұл техникалық ақау сағат 20.30-да жойылды. Түнге қарай станция жұмысы толығымен қалыпқа келіп, ырғақты кестеге көшті.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ