«ҚазАвияСпектр» зауытының басшылары кедендік төлемдерді төлеуден жалтарған
болуы мүмкін. Бұл жайында "Астана" арнасына Қарағанды облыстық қаржы полициясының
өкілдері мәлімдеді.
Гүлжан Сүлейменова, Қарағанды облыстық ЭҚСЖҚК департаментінің баспасөз
хатшысы:
«ҚазАвияСпектрдің» лауазымды
тұлғаларына қатысты 32 млн теңге кедендік төлемдерден жалтарды деген факті бойынша қылмыстық іс
қозғалды.
Айта кетейік, бұл авиазауытқа қатысты қозғалған алғашқы іс емес.
Өткен жылы күзде прокурорлар компания басшыларын "мемлекет қаржысын
мақсатсыз жұмсады" деп айыптаған. Алайда кейіннен іс тоқтатылды. Ал бұл
жолғы дау-дамайға қатысты серіктестік түсініктеме беруден бас тартты.
«ҚазАвияСпектр» зауыты осыдан 3 жыл бұрын ашылған. Бірақ бүгінге дейін
кәсіпорында құрастырылған бірде-бір ауыл шаруашылығы ұшағы көкке көтерілген
жоқ. Жуырда компания басшылығы алғашқы ұшақ 1 қазанда ұшырылады деп
мәлімдеген еді. Ал аймақ әкімдігі мұнда өзге де көліктерді өндіру мәселесін
қарастыруда.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ