Оралда қоршаған ортаны ластаған тағы бір кәсіпкер анықталды. Батыс
Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, "Батыс-Табиғат"
серіктестігінің басшысы Нәсіпқали Машанов зиянды мұнай қалдықтарын алқаптарға
тонналап төккен. Бұл зиянды заттар арнайы полигонға жеткізіліп,
залалсыздандырылуы тиіс болатын. Бірақ меншігінде мұндай полигонының жоқтығына
қарамастан, кәсіпкер құжаттарды қолдан жасап, тендерге қатысқан.
Тіпті
мемлекеттік сатып алуда жеңіске жетіп, осы іспен бір жыл бойы айналысады.
Машановтың кесірінен табиғатқа 120 миллион теңгеге жуық шығын келгені
анықталған. Кәсіпкер осы шығынды өтеуге міндеттелді. Сондай-ақ, алаяқтығы үшін
үстінен Қылмыстық кодекстің бес бірдей бабы бойынша іс қозғалып, алдағы екі
жылын түрмеде өткізетін болды.
Валентина Искалиева, БҚО прокуратура басқармасының аға прокуроры:
Жергілікті тұрғындар қылмысты әшкерелеп, кінәлілерді анықтауға белсене
көмектесті. Сонымен қатар, жалған куә болған "Батыс-Табиғат"
фирмасының жүргізушілері де жазасыз қалмады. Сот оларды жалған куәлік бергені
үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады.
Естеріңізге салайық, қоршаған ортаға дәл осындай жолмен 1 миллиард
теңгедей зиян келтірген оралдық кәсіпкер жазадан құтылып кеткен еді. Ол рұқсат
етілмеген жерге мұнай қалдықтарын төкті деп айыпталған болатын. Рақымшылыққа
ілігіп, жазадан құтылғанымен, пысық кәсіпкер табиғатқа келген шығынды өтеуге
міндеттелген.
Еркін ҚАРИН