Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Көктемде киіктердің жаппай қырылуы қайталануы мүмкін

AstanaTV
26.01.2016ж. 20:00
2048
Көктемде киіктердің жаппай қырылуы қайталануы мүмкін

Алдағы көктемде киіктер тағы қырылуы мүмкін. Түз жануарларын баудай түсірген беймәлім дерт қайта бас көтеруі әбден ықтимал. Ал бюджетте бұл жағдайдың алдын алатын арнайы бағдарлама қарастырылмаған, өйткені басы артық қаржы жоқ. Бұл туралы біздің арнамызға Білім және ғылым министрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының бас директоры мәлімдеді. Қызыл кітапқа енген киіктерді құтқару бойынша жауапты министрліктер арасында атқарылар іс-шаралар да пысықталмаған.

Абылай Сансызбай, ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

Сақтау киіктерді - негізінен ауыл шаруашылығының жұмысы. Біз ғылыми жағынан жауап береміз. Ендігі мәселе, біз ғылыми жұмысты жалғастыруымыз керек әрі қарай, 15-16 институт бірігіп, жұмыс жасап жатырмыз. Жаңағы «жол картасын» да бірігіп жасадық. Жалғыз біздің ғана институт емес. Ендігі мәселе, осы саланы қаржыландыратын болса, енді оны болдырмау жұмысын істейміз. -Қанша қаражат керек? 1,5 миллиард теңге делінді. - Ол жаңағы 16 организацияға сондай қаражат керек.

Ғылыми зерттеу институты ақбөкендерді құтқарудың жол картасын Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша әзірлеген. Алайда оны іске асыруда құзырлы органдар жауапкершілікті бір-біріне сілтейді.

Қайрат Өстеміров, ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

Бұл жұмыстарды ғылым комитеті басқаруы тиіс. Олар залалсыздандыру керек деген жерді біз залалсыздандырамыз. Жаппай қырылудың бір себебі кене болса, оны немен улау керек екенін, ғалымдар айтуы тиіс. Олардың шешімінсіз өз бетімізбен шара қолдана алмаймыз.

Елімізде киіктердің популяциясына кесірін тигізіп отырған тағы бір проблема бар. Ол браконьерлерді қатаң жазаға тартатын заң талаптарының жұмсақтығы. Топ болып ұсталған браконьерлердің біреуі ғана жеңіл жаза алып, қалғаны куәгер ретінде өтеді, - дейді Ерзат Әлзақов. Мәселен, өткен жылдың 26 желтоқсанында осындай бір куәгер сотта жауап берсе, 29-ы күні тағы сол азамат қайта қолға түседі. 2015 жылы сондай-ақ Қылмыстық кодекстің браконьерлерді жазалау нормаларынан ұсталған қаскүнемдердің жеке мүлкін тәркілеу бабы алынып тасталыпты.

Ерзат Әлзақов, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК  бас директоры:

Біздің ұстаған машиналар соттан кейін қайтып өздерінің қожайындарына қайтарылып беріледі. Оларды бір аптадан кейін, екі аптадан кейін қайтадан далада ұстаймыз.

Еске салайық, Қазақстанда есеп бойынша 300 мың бас киік болса, 2015 жылы олардың тең жартысы қырылды.  Арнайы зерттеулердің қорытындысына сай, түз жануарлары «пастереллез» дертінен қырылды деген тұжырым жасалды. Бұл жағдайды зерттеуге Германия мен Ұлыбританияның жетекші ғалымдары тартылып, олардың да шешімі қазақстандық әріптестерімен үндес боп шықты.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ