Петропавлда қаржы полициясы басшысының өліміне қатысты тың деректер жария етілді. Жандос Ахметовты өлтірді деген күдікпен 3 адам құрықталған. Оның екеуі Ресей азаматтары.
Еске салайық, өз үйінің кіреберісінде Солтүстік Қазақстан облысы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары оққа ұшқан еді. Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болды. Марқұмға 5 оқ атылып, соңғысы басына тиген. Тек бірнеше айдан соң ғана ұсталған күдіктілердің бірі әскери салада қызмет еткен азамат екені белгілі болды. Екінші күдікті оқ ататын қаруларды жасап, заңсыз сақтағаны үшін айыпталды.
Прокурорлар лауазымды шенеуніктің өлімі оның қызметімен тікелей байланысты екенін растап отыр. Айтуларынша, ұсталғандар қаржы полициясының тағы бір өкілін өлтірмек болған. Алайда бұл арам пиғылдары іске аспапты. Қазір тергеу аяқталып, іс прокурорларға жолданды. Жақын арада сотқа да жетпек. "Жалпы, күдіктілердің саны әлі де артуы мүмкін",- дейді прокурорлар.
Бірлік Тәшімов, Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары:
Әзірге аталмыш іспен танысып жатырмыз. Егер тергеу органдарының дерегімен
келіссек, іс бірден сотқа жолданады. Айта кетейік, бұл оқиғаға орай қылмыстық
кодекстің 96 және 251-бабы бойынша, яғни адам өлтіру мен заңсыз оқ ататын
қаруларды жасау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Абзал ҚҰРМАНКИН