Петропавлда жалға берілген баспанадан шу шықты. Осыдан екі жарым жыл бұрын
қоныстанған халық суға ақы төлемеген. Енді олар сумен қамту кәсіпорнына 5 млн
теңгедей қарыз болып шықты. Тұрғындар коммуналдық төлемді дер кезінде өтеу үшін
«Қызылжар су» серіктестігінің табалдырығын тоздырғанын айтады. Алайда тұрғын
үй аталған мекеменің есебіне алынбағандықтан, қызметкерлер төлем жасай алмаған. Абзал Құрманкин тақырыпты тарқатады.
Хлопцевтар отбасы Юбелейный- 9-да «Б» үйіне, 2011-дің аяғында
қолданыстанған. Көпбалалы ана "Жаңа жылға ерекше тарту болды" деп
қуанған еді. Алайда онысы ұзаққа бармады. Әлеуметтік баспананың қиындығы шаш
етектен. Оған енді судың қарызы қосылды. Отбасы 2 жарым жылға 137 мың 500 теңге
берешек.
Надежда Хлопцева:
Мұнша ақшаны бірден төлеуге жағдайым келмейді, 8 балам бар. Әрине, ай сайын
төлеп отырғанымызда, бұлайша жиналып келмес еді.
Мұндағы тұрғындарының басым бөлігі - әлеуметтің әлжуаз тобы: мүгедектер,
соғыс ардагерлері мен көпбалалы аналар. «Қызылжар су» ешқайсысын аямапты,
барлығын қарызға батырған. Әрбір тұрғынға шаққанда, 23 мың 500 теңге, ал жалпы
90 пәтер 4 миллион 900 мың теңге төлеуі тиіс.
Сергей Залевский:
Тұрғындар бастапқыда коммуналдық қызметтің құнын төлейміз деп барған кезде,
«Қызылжар-су» серіктестігі оларды қабылдаған жоқ. Үй олардың есебінде жоқ
екенін айтқан.
Аталған тұрғын үй «Қызылжар-су» серіктестігімен осы жылдың маусымында ғана
келісімшартқа отырды. Артынша, тексеріс жүргізіп, тұрғындардың басым бөлігінде
есептеуіш құрылғылардың істен шыққанын анықтаған. Ал қарыз көлемін мамандар,
пайдаланылған су мөлшерін есептейтін ортақ құрылғыға қарап шығарған.
Два года что мешало с нас каждый месяц брать. Я сейчас где должна взять 70
тысяч? То ли 1000 отдам, то ли 70.
Ирина Першина, «Қызылжар су» ЖШС өткізу қызметінің бастығы:
Әкімдік бізге бұл үйдің
қолданысқа берілу актісін өткен жұмада ғана берді. Азаматтық кодекске
сәйкес, үйдің актісі болмайынша, ол жылжымайтын мүлік болып есептелмейді.
Құрылыс материалы болып саналады. Демек, бұл бізден кеткен қателік емес.
Бар гәп су жүйелерінің жобасында көрінеді. Аталған үйдің жанында бос тұрған
126 пәтерлі тұрғын үй бар. Шенеуніктер қос баспанаға бір жобалық-сметалық
құжаттама жасалған дейді. Осыған байланысты бұл баспаналар «Қызылжар су»
серіктестігіне бір уақытта тапсырылуы тиіс.
Жақсылық Аққұзов, «Петропавл қаласының құрылыс бөлімі» ММ құрылысшы-технигі:
Бұл үй тапсырылғанда, коммуналдық
жүйелер тартылған болатын. Тұрғындар сумен қамтылды. Бірақ Юбилейный- 9 «В»
баспанасының құрылысы жүріп жатыр. Таяуда сумен қамтушыларға үйлердің техникалық
паспортының көшірмесін бердік. Екінші тұрғын үй келесі жылы бітеді. Кейін бәрін
ортақ ережеге сәйкес етіп жасаймыз.
Тұтынушылардың құқығын қорғау қауымдастығы тұрғындарға суға жауаптыларды
сотқа беруді ұсынды. Және оларды қолдауға дайынбыз деп отыр.
Надежда Дубовая, СҚО тұтынушылар мен кәсіпкерлердің
құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:
Келісімшарт неге сонша кешіктіріліп
жасалды? Түсініксіз. Тұрғындар өз құқықтарын міндеті түрде қорғау керек! Себебі бұл
оқиғаның жұмбағы көп.
Әзірге 90 пәтердің 9-ы ғана қарыздан толықтай құтылды. Ал қалғандарына
сумен қамтушылар қосымша уақыт бермек. Өсімақы болмайды деп уәде етуде. Ал
тұрғындар прокуратураға арыз жазды. Енді бұл істің қаншалықты заңды екенін
құзырлы орын анықтайды.
Абзал ҚҰРМАНКИН