«Оқулықтардың жыл сайын жаңаруы - министрліктің
бизнесі». Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет
басшысына сауал жолдаған «Ақ жол» фракциясының
мүшесі осылай деп мәлімдеді.
Алмас Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол»
фракциясының депутаты:
Қазіргі таңда қоғамда, өкінішке орай, оқулықтардың жыл сайын жаңаруы - бұл
министрліктің бизнесі деген көзқарас қалыптасып үлгерді. Неге оқулық мәселесі жүйеленбеген және тиісті министрліктің
алдағы уақытта қолданатын шаралары туралы хабардар етуді сұрап отырмыз.
Тұртаевтың айтуынша, мектептер жыл
сайын әр түрлі авторлардың кітабымен оқытады. Биылғы
оқулық келесі жылы қажетке жарамай қалады. Бұл білім беруде жүйелілік жоқ дегенді
меңзесе керек. Кейде ұстаздар бір пәннен бірнеше автордың кітабын алуға
міндеттейтін көрінеді.
Депуттаттың айтуынша, кейбір мектептер
5-сыныпқа арналған бес автордың әдебиет кітабын сатып алуды талап еткен. Жыл
сайын қыркүйекте көтерілетін оқулық тапшылығына «Нұр Отан» фракциясы да
тоқталды. Биылға қажетті кітаптарды басып
шығаруға 8,5 миллиард теңге бөлініп, 11 баспаханаға тапсырыс берілген.
Нұротандықтар министрліктен осы қаражаттың жұмсалуы мен мектептерге жеткізілу
схемасына қатысты ақпарат толық беруді сұрады.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр
Отан» фракциясының мүшесі:
Осының салдарынан базарларда оқулықтардың көшірмелері пайда болған, олардың
бағасы төмен, сапасы нашар. Оқушылардың
ата-аналары мектептерге оқулықтардың бар болғаны 5-6 жиынтығы келіп түсетінін
айтады.
Мөлдір ДҮЙСЕКИНА