$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Павлодарда "Гелиос" компаниясының қожайынына 535 млн теңге айыппұл салынды

AstanaTV
08.08.2014ж. 20:00
1640
Павлодарда "Гелиос" компаниясының қожайынына 535 млн теңге айыппұл салынды

"Гелиос" ЖШС-нің қожайынына 535 млн теңге айыппұл салынды. Бұл жөнінде Павлодар облысының прокуратурасы хабарлады. Өндірілген қаражат мемлекет қажетіне жұмсалмақ. Құзырлы орган таратқан мәліметке сай,  Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша бәсекелестікті қорғау агенттігі аймақаралық инспекциясы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде "Рефайнери Компани АрТи" серіктестігі мен «Гелиос» арасында өзара бәсекелеспеу жөнінде келісім жасалғаны анықталды.

Айта кетейік, прокурорлық тексеріс кезінде бес жыл бұрынғы іс қаралған. Яғни 2009 жылғы келісімшарт бойынша Павлодар мұнай-химия зауыты сұйылтылған газды тек «Гелиосқа» ғана сату керек болған. Прокурорлардың мәліметінше, бұл  «Бәсекелестік туралы» заңға қайшы. Өткен жылдың соңында Павлодар қалалық әкімшілік соты «Гелиос» кәсіпорнының ісін мерзімі аяқталуына байланысты тоқтатқан. Алайда облыстық прокуратура бұл шешіммен келіспеді. Бұл қарсылықты облыстық сот мақұлдап, «Гелиос»  айыппұл төлеуге міндеттелді.

Жантемір Шәкиев,  Павлодар облыстық прокуратурасының басқарма басшысы:

"Гелиос" заң бойынша 30 күн ішінде өз еркімен талапты орындап айыппұлды өтеуі тиіс. Егер олай болмаған жағдайда, мәжбүрлі түрде өндіру қарастырылады.


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

 

Алдыңғы жаңалық