$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Мемлекет тұлғаларының атын жамылған алаяқ миллиондаған ақша пайда тапқан

AstanaTV
27.08.2014ж. 20:00
1569
Мемлекет тұлғаларының атын жамылған алаяқ миллиондаған ақша пайда тапқан

Алпыс жастағы алаяқ! Пайғамбар жасына жеткен тараздық тұрғын алаяқтық жолмен соңғы 2 жылда ұзын-саны 68 мекемені алдап соққан. Бұл жөнінде бүгін Жамбыл облыстық ІІД өкілдері баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Өзін «Ұрпақ» қоғамдық қорын құрушы ретінде таныстырып, қалталы азаматтармен қатар мемлекеттік жоғары лауазымды шенеуніктерді тақырға отырғызған. Ол жомарт жандарға «қаржыңыз қайырымдылық шараларына жұмсалады» деп, үлкен көлемде ақша аударымдарын жүргізген. Сорақысы сол, оңай жолмен олжалы болуды көздеген қария екі жыл бойы ешкімге ұстатпаған. Осы уақыт ішінде ол 23 милллион теңге тауыпты. 

Ал Тараз қаласынан бастау алған көлеңкелі кәсібін өзге де өңірлерде жүргізген. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтөбе, Павлодар және Көкшетау қалаларында болып, еліміздегі лауазымды тұлғалар атынан сөйлеп, ақшалы азаматтарды қанап отырған. Бір ғана Алматы қаласы мен Алматы облысының өзіндегі 48 ірі компаниялардан бірнеше миллион теңге жымқырып кеткен. Әзірге тергеу амалдары жүргізілуде. Айта кетерлігі, қамауға алынған алаяқтың үстінен қосымша тағы 13 бірдей қылмыстық іс қозғалған.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Бұл кісі енді үлкен лауазымды кісілердің атынан сөйлеген. Мүгедек үйлеріне, мысалы, басқа да бір бүлдіршіндерге ақша аударылады деп, сенім білдіріп, өзінің есеп-шотына ақша аудара берген. Қазіргі таңда ҚР ҚК 177 бабы, 2-бөлімі бойынша бірнеше рет жасаған алаяқтық қылмысымен жауапкершілікке тартылды. 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ