$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Жамбыл облысы Мерке ауданының тау шатқалдарындағы өрттің беті қайтты

AstanaTV
15.08.2014ж. 20:00
1655
Жамбыл облысы Мерке ауданының тау шатқалдарындағы өрттің беті қайтты

Жамбыл облысы Мерке ауданының тау шатқалдарындағы өрттің беті қайтты. Тұрғындардың айтуынша, дала өрті 12 шілдеде, түскі сағат 2 шамасында басталған. Бетқаратпас жалын - мемлекеттік орман қорының «Талдыбұлақ»  және «Сандық» шатқалдарын шарпыды. Төтенше жағдай кезінде Тұрар Рысқұлов ауданының 32 жасар тұрғыны қаза болды. Алдын ала болжам бойынша, ол өз бетінше өрт сөндіріп жатқанда жазатайым жағдайға ұшыраған. Әзірге тілсіз жаудың  шығу себептері белгісіз. Ал қызыл жалынды ауыздықтауға мыңға жуық маман жұмылып, 140 техника мен екі бірдей тік ұшақ тартылған.

Мамандардың айтуынша, тілсіз жаумен күрес оңай болмаған. Тік ұшақтардың өзімен 30 тоннадан аса су шашылды. Құтқарушыларды табанынан тік тұрғызған табиғи өрт - көрші Тұрар Рысқұлов ауданына да қауіп төндірген. Өйткені ондағы «Луговой» темір жол бекетінде контрабандалық жолмен тоқтатылған 400-ден астам мұнай өнімдері тиелген цистерналар тұр. Бірақ мамандар даурығатындай дәнеңе жоқ дейді. Қазіргі таңда арнайы құрылған комиссия өрттің көлемін анықтау үстінде.

Мансұр Шайкрамов, Жамбыл облыстық ТЖД №2 өрт сөндіру бекеті бастығының орынбасары:

"Талдыбұлақ"  шатқалындағы өртті сөндіру кезінде Тұрар Рысқұлов ауданы Абай ауылдық окургінің әкімдік қызметкері қаза болды.  Бұл оқиға бойынша тексеру жүріп жатыр. Қазіргі таңда қызыл жалыннан ешқандай қауіп жоқ. Шатқалдардағы қарауылдардың бәрі алынды. Тұрар Рысқұлов ауданында тұрған мұнай цистерналарына да қауіп жоқ. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ