$526.81 €542.72 ₽5.16
×

Қазақстанның бірқатар аймақтарында көкөніс бағасы төмендеді

AstanaTV
11.08.2014ж. 20:00
1552
Қазақстанның бірқатар аймақтарында көкөніс бағасы төмендеді

Қазақстанның бірқатар аймақтарында көкөніс бағасы төмендегені байқалып отыр. "Қазагромаркетинг" мәліметіне сүйенсек, 29 шілде мен 5 тамыз аралығында еліміздің батысында қызанақ бағасы 11-ден 13%-ға дейін төмендеген. Көкөністің бұл түрі негізінен оңтүстікте едәуір арзандаған. Қызылордада бағасы 23%-ға, Таразда 33%-ға түскен. Ал елордада көкөніс бағасы керісінше өскен. Тапсырыс көлемі қысқарғандықтан, Астанада қиярдың бөлшек сауда бағасы 14%-ға, ал көтерме сауда бағасы тіптен 61 пайызға асып, килограмына 140 теңге болды.

Оңтүстікте картоп бағасы 13%-ға арзандаған. Жергілікті тауар өндірушілердің шығаратын өнім көлемі артқандықтан, қырыққабаттың да бағасы төмендеген. Таразда 45 теңгеден 35 теңгеге дейін түссе, Астанада 64 теңгеден 55 теңгеге арзандаған.

Қырыққабаттың ең қымбат бағасы Ақтөбеде тіркелді. Онда килограммы - 61 теңге. Ал тәтті бұрыш бағасы еліміздің барлық аймақтарында бірдей 10-нан 26%-ға дейін төмендеген. Соңғы жеті күн ішінде баялды бағасы да 14%-дан 39%-ға дейін түскен.

Жұрағат БАМАН



Алдыңғы жаңалық