$524.75 €540.6 ₽5.12
×

Таразда ауған соғысы ардагерлері жалпы тарифпен жүретін болды

AstanaTV
12.08.2014ж. 20:00
2551
Таразда ауған соғысы ардагерлері жалпы тарифпен жүретін болды

Таразда ауған соғысының ардагерлері наразы. Ұзын-саны 50-ден аса ардагер қала әкімдігінің алдына жиылып, жол жүру билеттерінің алынып тасталуына байланысты ашық наразылықтарын білдірді. Екі апта бұрын жолаушы тасымалдаушылар ауған соғысы ардагерлерін тегін тасымалдау туралы он жыл бұрын шыққан шешімнің күшін жойды. Ардагерлер болса, тасымалдаушылар заңды белден басып, құқығымызды таптады деп санайды. Тараптардың бүгінен тартысынан кейін қоғамдық көлік мекемелері ардагерлердің жеңілдігін қазанның біріне дейін ғана сақтауға сөз берді. Тақырыпты Данияр Әлімқұл толықтырады.

Бүгінде Таразда 500-ден аса ауған соғысының ардагерлері бар. Олардың тең жартысы жұмыссыз, әрі түрлі топтағы мүгедектер. Күнделікті  дағдымен қоғамдық көлікке көп мінетіндіктен, тегін жүру билеттері ардагерлер үшін ауадай қажет. Алайда автобустағы кондукторлардың билеттің бар-жоғына мұрын шүйіріп қарайтыны мезі еткен.

Қуаныш Сейітқазиев, ауған соғысының ардагері:

Кірсең, проезге үнемі жазып қояды. ҰОС ардагері мен ауған соғысының ардагерлері теңестірілуге жарамайды деп. Бұл қалай сонда? Болмайды деп жаңағы жас балалар келіп, біздің жағамыздан алады. Кезінде Совет үкіметі кезінде бізді соғысқа жіберді. Денсаулығымызды құрттық. Жігіттердің 80%-ның денсаулығы жоқ. 20-30%-ы мүгедек. Ол дұрыс емес қой.

Қайрат Малдыбаев, ауған соғысының ардагері:

Біз өткенде ғана келдік, сол жерде ішкі саясат жөніндегі Кенжебек Олжабай деген бар. Ойбай, не дейсің, осы августтың аяғына дейін шыдаңдар, кейінірек болады, кейін бүйтем-сүйтем деп. Ал автобусқа мінсең, жағадан алып жатыр, дөрекілік көрсетіп жатыр. Ал мен, мысалы, күніне  4-5 рет жүремін. Қызымды садикке апарамын.

Жыларман болған ардагерлер жергілікті биліктің табалдырығын торуылдап жүргендерін айтады. Шу шыққан жерге қала әкімінің орынбасары келіп, әкімдік ғимаратында жиын өткізді. Бірақ атқамінерлер мен тасымалдаушы компания басшылары мәселенің байыбына бара алмай, біразға дейін дау болды.

Жақсылық Сапаралиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

Тезірек сессияға, маслихаттың отырысына осы құжаттың бәрін тапсырып, тарифті 70 теңгеге көтеру мәселесімен депутаттарға қайырылу жұмысын тездетейік. Қазір сіздерден, жолаушылар тасымалдаушы компаниялар сіздерден, тағы да сұранарымыз - осы жұмыстың бәрін аяқтағанша, жеңілдікті алмаңыздар! Елдің наразылығына келмей, жұмысты жалғастырайық деген менен сіздерге ұсыныс.

Әкімдіктегілердің осындай өтінішінен кейін,  қазан айының біріне дейін жол жүру билеттері ардагерлер үшін алынбайтын болды. Ал заңсыздыққа барғаны үшін тасымалдаушы компаниялар ісімен прокуратура айналыспақ.

Арысбек Төлебаев, «Таразтрансмоторс» ЖШС директоры:

Жақсы! Мынау, біз әріптестерімізбен келісе отырып, 1 октябрге дейін мынау ауған соғысының ардагер ағайындары льготқа қалдырайын деп отырмыз, шешіміміз.  Кейбіреулеріміз арамызда қарсы болып жатқандар бар. Қала әкіміне біз енді кішкене бағынумыз керек.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Ардагерлер ақжағалылар алдында талаптарын табандап тұрып тыңдатқанымен, қара күзде қайтадан дау болғалы тұр. Өйткені қазан айында жол ақысы 70 теңгеге қымбаттамақ. Тасмылдаушы мекемелер тариф өспейтін болса, тегін жүру билеттеріне қарамастан, ардагерлер ақы төлейді деп ашып айтты. Өйткені   миллиардтаған несиелерін өтеу мен жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер қалталарын қағып жатқан көрінеді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ