АҚШ басшылығы әзірге американдық
журналист - Стивен Сотлоффты өлтірген кадрлар бар видеоның шынайылығын растамай
отыр. Бұл жөнінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест арнайы өткен баспасөз
коференциясында мәлімдеді.
Еске сала кетейін, видео ғаламторға
сейсенбі күні шыққан болатын. Мұның алдында да 2012 жылы Сирияда
экстремистердің қолына түсіп қалған американдық журналист Джеймс Фоулидің де
дәл осылай өлтірілген видеосы жарияланған еді. Стивен
Сотлоффты да осыдан бір жыл бұрын Сирияда террористер тұтқынға алған. Видеода
бетпердемен тұрған содыр өзін Ирак және Левант ислам мемлекеті ұйымының мүшесі
деп таныстырады. Журналистердің құқын қорғау комитеті мен батыс елдерінің
көшбасшылары американдық журналистерді азаптап өлтірген қылмескерлерді міндетті
түрде жазалау керек деп хабарлады.
Джон Кирби, Пентагонның ресми өкілі:
Біз барлығымыз Сотлофф мырза өлтірілген видеоны көрдік. Бірақ, біз бұл бейнежазбаның түпнұсқа екендігін бүгін
растай алмаймын. Жарияланған ақпаратты барынша бақылап, зерттеп жатырмыз.
Сотлофф тұтқынға түскен сәттен бастап ауыр азапты күндерді кешкен оның
отбасының қандай күйде екенін жақсы түсінеміз. Солармен бірге біз де қайғырып,
дұға етудеміз.
Видеожазбаларда содырлар, өздерінің
бұл әрекеттерін АҚШ Иракқа әскери қолдау көрсетуін тоқтату үшін жасап жатырмыз
деп мәлімдейді. Алайда, американдық әскерилер
әуеден атқылауын доғарар емес.
Жойқын атқылаулар соңғы рет 31-тамызда болды.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ