Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан
қылмыстық тобына қатысты аты шулы сот процесінде бүгін Атырау облысы әкімінің
орынбасары, кезінде Рысқалиев тұсында да лауазымды қызмет атқарған Сәлімжан
Нақпаев куәгерлік танытты. Ол сотқа
жалғыз келген жоқ, адвокатын ілестірген. Бұрынғы әріптестерін көрген соң
ба, бастапқыда дауысы абыржи шыққан шенеунік ізінше иығын тіктеп, сұрақтарға
жауап берді.
Нақпаев Рысқалиев тұсында
Атыраудағы барлық тендерді әкімдік емес, «Парк» деп аталатын ғимаратта отыратын
топтың жүргізгенін, оны аймақтың экс-әкімі бақылап, туған ағасы мен күйеу
баласы басқарғанын айтып берді. Ол Бергей Рысқалиевтың құрған жүйесіне қарсы шыққандықтан, жазықсыз темір торға
тоғытылдым деген Нақпаев бұрынғы әріптестерін жасырмай шындықты айтуға шақырды.
Сәлімжан
Нақпаев, куәгер:
Әкімдікке қатысы болмаса да, сол Паркте барлық жобалар, тендерлік құжаттар
дайындалды. Онда
жеке фирмалар отырды. Қазір күлкілі
шығар, бірақ біз осындай жүйеде жұмыс жасадық. Даладағы жеке фирмалар тендерімізді басқарды. Бюджеттің 71 млрд теңгесі қайда кетті, буға айналған
жоқ қой. Ол қаржы осы Парктің қолымен
ұрланды. Осы жерде шындықты айту керек,
концерт ұйымдастырып қажеті жоқ. Тендерді үнемі ұтып отырған фирмалар ұрлады. Әкімнің өзі оны жеке
қадағалап отырды. Паркті туған ағасы
Аманжан Рысқалиев пен күйеу баласы Әлбақасов басқарды. Осы отырғандар олардың айтқанын орындаушылар болды. Сен ол
саясатпен келіспегендіктен, кеттім ол қызметтен. Сіздерге де кетуге болатын
еді. Жігіттер, не болғанын сіз бен біз
жақсы білеміз ғой, жасырмай шындықты айтыңдар.
Сәлімжан
Нақпаев шекара асқан экс-әкімнің ауылдасы, Рысқалиевтың дәурені тұсында Атырау қаласының әкімі, облыс әкімінің
орынбасары қызметін атқарған болатын.
Кейін қос шендінің арасынан қара мысық өтіп, Нақпаев мемлекеттік қызметтен кетіп қалған еді. 2012 жылы
жылдың сәуірінде қалалық сот Нақпаевты қылмыстық кодекстің 327-бабының
"өз бетінше билік ету" тармағы
бойынша айыпты деп тауып, 4 жылға соттаған. Бірақ сол жылдың қыркүйегінде-ақ Жоғарғы сот оны ақтап шықты. Бергей Рысқалиев пен оның қол астындағылар
биліктен кеткеннен соң, көп ұзамай бұрынғы орынтағына қайта оралды.
Куәгерліктің соңында Сәлімжан Нақпаев судьядан
қысқа уақыт сұрап, бұрынғы әріптестерімен тағы тілдесті. Ол айыптаушылардан
шындықты жасырмауды тағы да өтінді.
Тіпті кейбірінің есімдерін атап, олар бұл жерде отырмау керек еді деп,
қолдау білдірді. Алайда ақылы мен аянышы
жауапқа тартылғандардың кейбіріне ұнамаған сыңайлы. "Лекция оқудың қажеті жоқ", - деп, экс-әкімнің
бірінші орынбасары Болат Дәукенов айқаймен жауап қатты. Ал адвокаттар Нақпаевтың бүгінгі жауабында
әлі де анықтайтын тұстар көп дейді.
Игорь
Вранчев, адвокат:
Дегенмен адвокаттар үшін кейбір мәселелер ашық әрі түсініксіз күйінде қалып отыр. Бұл
Нақпаевтың арызына қатысты. Оны сот
процесі барысында көтеріп, анықтаймыз.
Базаргүл ІЗІМОВА