«Нұр Отан» партиясының 15 съезі барысында партия төрағасы Нұрсұлтан
Назарбаев «Саяси көшбасшылықтың принципті мәселесі ретінде сыбайлас
жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясын әзірлеуді» тапсырған болатын.
Аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында қоғам қайраткерлері, заңгерлер,
депутаттар мен сарапшылар тобы «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға
арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жобасының
дайындалуына атсалысып, бүгін ортақ пікірлер мен ұсыныстар алаңында бас қосты.
«СШИК» талдау тобы мен «Нұр Отан» партиясының бірлесіп ұйымдастыруымен
өткен басқосу - тамырын жайған жемқорлыққа қарсы күресудің жаңа жобасын
талқылап, жетілдіруге бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың он
жылдық бағдарламасы жобасы бір ай бұрын жарияланған болатын. Қазірдің өзінде
құжатқа қатысты 400-ден астам ұсыныс түсіп үлгерді.
Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының идеология мәселелері жөніндегі
хатшысы:
Жобаның басты артықшылығы мен мақсаты - жемқорлыққа қарсы күреске
қоғамды тарту. Ол үшін жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек. Қазір
жоба партияның барлық отырыстары мен аймақтық филиалдарда қызу талқыға түсіп
жатыр. Қазірдің өзінде 421 ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде 100 ұсыныс
сарапшылардан, 300 ден астамы партиялық ұйымдар тарапынан, 9-ы депутаттардан
болса, 10-нан астам ұсыныс поштамызға келді.
Сыбайлас жемқорлық бүгінде үлкен әлеуметтік қасіретке, тіпті ел дамуының
тежегішіне айналды десек де болады. Халықаралық «Транспаренси Интернешнал»
ұйымының зерттеу нәтижесі - Қазақстанда жемқорлықтың белең алуына, көп жағдайда
халықтың өзі ықпал ететінін көрсеткен.
Наталья Малярчук, "Transparency Kazakhstan" қамқоршылық кеңесінің
төрайымы:
Жемқорлық көрсеткіші бойынша Қазақстан 177 мемлекеттің ішінде 2,8
балмен 140 орынға ие. Жалпы 3-тен төмен балдық көрсеткіш көрсеткен елдерде
жемқорлық өте жоғары деңгейде екендігін дәлелдейді. Ал Қазақстандағы жемқорлық
белең алған тұстарды айтар болсақ, мемлекеттік сатып алулар, халықтың бизнес
өкілдерімен, мемлекеттік органдармен арадағы қарым-қатынасында пара беру, алу
деректері жиі кездеседі. Десек те басты кінә - жемқорлыққа жол беріп отырған
азаматтардың өзінде.
Бүгінгі талқыға салынып отырған жобаның мақсаты - ел ішінде жемқорлыққа
қарсы мәдениетті қалыптастыру, індетке қарсы қоғам болып бірлесіп күресуге шақыру.
Осы мақсатта, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Бағдарламасы жобасының мәтіні бұқараға өткен айдан
бері БАҚ, ғаламтор арқылы кеңінен насихатталып жатыр.
Саясат Нұрбек, «Нұр Отан» партиясы қоғамдық саясат институтының басшысы:
Бүгінгі талқылауымыз өте маңызды. Неге десеңіз, ең мықты салалық сарапшыларды
жинап отырмыз. Олар бүгінгі жобаны сынға алса да, ол жобаға кіретін болады.
Қазір таңда 3 негізгі жаңа заң жобасын қабылдау ұсынылып отыр. Ол - сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң, ақпаратқа қолжетімдік туралы және
қоғамдық бақылау туралы заң.
Жобаны жүзеге асыру үшін азаматтық қоғамды, бизнес қауымдастығын
жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, мемлекеттік органдардың, корпоративтік
сектордың қызметіне бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды
жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына бақылау жүргізу, көлеңкелі
экономикаға тосқауыл қою жолдары қарастырылған.
Талғат Әбдіжаппаров, «Қазтұтынубақылау» ҚБ бақылаушы кеңесінің төрағасы:
Жоба үлгісі өте жақсы жасалған. «Нұр Отан» партиясы таңдаған ортақ келіссөз
пішіні өте орынды қарастырылған. Себебі жоба іске асуы үшін, дүйім жұрттың
талқысынан өтуі тиіс. Неге десеңіз, жемқорлыққа қарсы күрес тетіктерін іске
қосатын азаматтар. Әрі жобаны іске асыруда қысқа мерзімді және жалпы
бағдарламаларды да қосу керек деп ойлаймын.
Жалпы бүгінгі жиында қатысушылар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс
жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған жаңа бағдарлама жобасына енгізілмек.
Маржан СЕРІКҚЫЗЫ, Марат ҚАЛДЫБАЕВ