$524.75 €540.6 ₽5.12
×

Алматыда вирустық инфекцияларды зерттейтін референс-зертхана ашылмақ

AstanaTV
13.08.2014ж. 20:00
1462
Алматыда вирустық инфекцияларды зерттейтін референс-зертхана ашылмақ

Алматыда салынып жатқан референс-лабораторияда америкалықтар әскери-биологиялық қару жасап жатыр. Ресейдің кейбір сарапшылары осындай болжамға басты. Зертхана құрылысына АҚШ тарапы қыруар қаржы құюда. Сол себепті келешек қызметі де күдікті дегенді айтады. Десек те, Алматыдағы карантиндік және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мамандары аталмыш зертхана тек қауіпті аурулардың қоздырғыштарын зерттеумен ғана айналысатынын мәлімдеді. Тақырыпты тілші тарқатады. 

Алматыдағы референс-лаборатория қызметі өз саласы бойынша қызмет етпей, америкалықтардың әскери-биологиялық зерттеулер ісімен айналысуда. Бұл туралы мәлімдемені Ресейлік стратегиялық зерттеулер институтының Орал аймақтық ақпараттық-сараптама орталығының жетекшісі Дмитрий Попов жасады. Ол өз сөзіне бірнеше дәлел келтіруде.

Дмитрий Попов, Орал өңірлік ақпарттық-сараптама орталығының жетекшісі:

Ресми деректерге сәйкес, зертхана құны шашамамен 100-110 АҚШ доллар. Бұл қарапайым мекемелер құрылысына бөлінетін шығыннан әлдеқайда көп. Демек онда екі түрлі мақсатта қолданылатын қымбат жабдықтар сатып алынады деген сөз. Меніңше, орын алған жағдайға қатысты қауіп Қазақстан мен Ресейге бірдей сияқты. Алматыдан мұндай зертхана ашып, жергілікті микрофлораға қол жеткізген америкалықтардың жаңа биологиялық қарулар жасаумен айналыспайтынына кім кепіл бере алады?

Сөзіне дәлел ретінде Попов мырза Индонезия, Украина және Грузия елдерінде орын алған жағдайды келтіреді. Айтуынша, аталған елдерде де аталмыш зертханалар бой көтеріп, тіпті әскери күшпен жабдықталған. Бірақ салынған нысандарға жергілікті мамандардың кіруіне рұқсат берілмепті.

Дмитрий Попов, Орал өңірлік ақпарттық-сараптама орталығының жетекшісі:

Жалпы аталған проблемалар Қазақстанды да айналып өтпеуі мүмкін. Ойланып қараңызшы, Америка жағы неліктен биологиялық ахуалы әлсіз елдерге соншалықты көз салды? Әрі Алматыдай сейсмикалық тұрғыда қауіпті аймаққа мұндай алып зертхана салудың қажеті не?

Десек те, зертхана құрылысының жүріп жатқанына төрт жылдан асты. Құрылыстың аяқталуы келесі жылға жоспарланған. Нысанды салуға бөлінген қаражатқа бағалы жабдықтар сатып алу және мамандар даярлау көзделген. Алматыдағы карантиндік және зоонозды жұқпалар ғылыми орталығының директоры Бақыт Атшабар зертхана түбегейлі қауіпті вирустық инфекцияларды зерттеумен ғана айналысады деп сендірді.

Бақыт Атшабар, карантиндік және зоонозды жұқпалар ғылыми орталығының басшысы:

Біз сонау 1949 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Әрі дәл осы референс- зертханасының атқаратын жұмысын жасап келдік. Демек, біз аса қауіпті аурулардың қоздырғыштарын анықтаумен айналысамыз. Ашылғалы отырған зертхана халықаралық деңгейде жоғары деңгейлі мекеме болмақ. Яғни дәл осы зертханада жасалатын диагностикалар әлемдік дәрежеде бағасын алатын болады. Дәл осындай референттік зерттеулер дүние жүзі бойынша бірнеше елде ғана бар.

Зертханада шамамен 170 маман еңбек ететін болады. Бүгінде қазақстандық бірқатар мамандар арнайы оқу курстарында білім алуда. Мекемеде бір емес, үш бірдей министрлік өкілдері қызмет атқармақ.

Айжан Есмағамбетова:

Олар Тұтынушылар құқын қорғау агенттігі, Білім және ғылым және Денсаулық сақтау министрліктері. Қазір құрылыс басында америкалықтармен қатар Қазақстан жағы да жүр. Жалпы, құрылыстың әр кезеңі қатаң бақылауда. Ал құрылыс аяқталған соң, екіжақты келісімге сәйкес, зертхана толықтай Қазақстанның құзырына беріледі.

Жалпы Қазақстан территориясының 40 пайызы оба дертінің негізгі ошағы саналады. Сондай-ақ елімізде тырысқақ, сібір безгегі аурулары да кең таралған, сырттан келетін вирустарды айтпағанда. Мәселен, Эбола вирусы да енуі ықтимал. "Ал биологиялық қару жасалып жатыр деген ақпарға тоқталсақ, Қазақстан биоқарудан бас тартқан ел. Және бұл шешімін мемлекет өзгертпек емес", - дейді мамандар.

Жұрағат БАМАН, Маржан СЕРІКҚЫЗЫ