$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматы әкімі жол ережесін бұзатын шенеуніктер туралы деректі жасырмауды ұсынды

AstanaTV
14.08.2014ж. 20:00
1107
Алматы әкімі жол ережесін бұзатын шенеуніктер туралы деректі жасырмауды ұсынды

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жол сақшыларына мемлекеттік қызметкерлердің жол ережесін бұзу фактілері туралы ақпаратты жасырмай, жариялауды бұйырды. Қала басшысы бұл туралы бүгін ішкі істер басқармасы өкілдері мен коммуналдық шаруашылық иелерімен өткен кеңейтілген отырыс барысында мәлімдеді. Есімов өз сөзінде, жол жүру ережесі баршаға ортақ, әрі оны бұзған кез-келген лауазымды тұлға заң алдында жауап беруі тиіс екендігін баса айтты. 

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

Маған жол ережесін бұзған кез-келген шенеунік жайында ақпаратты беріп отырыңдар. Ешкімнің атын жасырудың қажеті жоқ. Заңға бағынбады ма, ұстаңдар! Қызметіне, көңіліне қарағанды қойыңдар! Тәртіп орнатыңдар жол үстінде!

ІІД-нің бастығы Серік Күдебаевтың айтуынша, қалада ауыр қылмыстар саны 11 пайызға, ал кісі өлтіру мен қарақшылық шабуыл жасау 1,5 пайызға азайған. Десек те, қала әкімі мен прокуратура өкілдері учаскелік полицейлердің жұмысына көңілдері толмайтынын айтты.

"Тіпті қала тұрғындарының басым бөлігі учаскелік полицейлердің түрін де танымайды", - деді қала басшысы. Сондай-ақ жиында жабайы сауданың қызған ошақтары мен жеңіл жүрісті қыздар қаптаған Сейфуллин көшесінің төңірегіндегі біраз былықтың бетін ашқан әкім жауаптыларды орнынан тұрғызып, ескерту айтты. 

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

Мысалы, А 390 нөмірлі көлігі бар учаскелік полиция қызметкері Сейфуллин көшесінің бойында көлікте отырып ұйықтап жатқан кезде, қыздар сауданың көркін қыздырған. Дәл сол қызметкер кейін жаяу жүргіншілер жолымен жүрген. Сол үшін оның көлігін тартып алса керек, қазір ол мотоциклмен жүріп-ақ жеңіл жүрісті қыздарға қалқан болып жүрген деген ақпарат келді маған.

Маржан СЕРІКҚЫЗЫ